Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитарлық дәрігері «Парасат» орденімен марапатталды

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы көрнекті мамандарға мемлекеттік наградалар табыс етті.

Марапатталғандар қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының өнеркәсіп объектілерін мониторингілеу және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ету секторының санитарлық дәрігері Алибекова Ғалия Нұрхайырқызы болды.

Кәсібіне деген адалдығы, мінсіз беделі, көп жылдық адал еңбегі және санитариялық-гигиеналық мониторингті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Алибекова Ғалия Нұрхайырқызы ғылым, мәдениет, медицина және мемлекеттік басқару саласындағы ерекше еңбегі үшін берілетін жоғары мемлекеттік наградалардың бірі — «Парасат» орденімен марапатталуға лайық болды.

Ғалия Нұрхайырқызы 1960 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол өзінің кәсіби қызметін 1979 жылы операциялық мейіргер болып бастады, содан кейін Қазақ мемлекеттік медицина университетін бітіріп, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласына ауысты.

Ғалия Нұрхайырқызының жалпы еңбек өтілі 45 жыл, оның 26 жылын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және халықтың денсаулығын сақтау жүйесіне арнады. Ұлттық орталық ұжымында ол 24 жылдан астам уақыт жұмыс істейді.

Бұған дейін оның еңбегі «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен (2019) және «Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагері» медалімен (2021) марапатталған болатын.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ұжымы Ғалия Нұрхайырқызын лайықты наградасымен шын жүректен құттықтап, ұлт денсаулығын сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс білдіреді!