Кешенді тәсіл – тұрақты дамудың негізі: қоршаған ортаға және денсаулыққа әсер ету жағдайын бағалау әлеуетін нығайту

Атырау облысында 2025 жылы 3 маусымда онлайн-форматта стратегиялық семинар өтті. Бұл семинар Қазақстан Республикасының негізгі өнеркәсіп өңірлерінің бірі – Атырау облысындағы қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына әсер ету жағдайын бағалау әлеуетін нығайтуға бағытталды.
Іс-шараны ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қатысуымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұйымдастырды. Аталған іс-шара өсіп келе жатқан экологиялық сын-қатерлер жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыратын күш-жігердің бір бөлігіне айналды. Мұнай-химия өнеркәсібінің ауа, топырақ және судың жай-күйіне әсері, сондай-ақ осымен байланысты халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерлер туралы айтылды.
ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Утемисова семинардың модераторы болды. ДДҰ Еуропалық аймақтық кеңсесінің Инфекциялық аурулар, қоршаған орта және денсаулық мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Робб Батлер іс-шараға қатысушыларды құттықтады.
Семинар барысында қатысушылар бірқатар негізгі тақырыптарды қарап, Атырау облысының ағымдағы экологиялық ахуалына шолу жасады.
Қоршаған ортаға мониторинг жүргізу жүйесінің жұмысына және тұрғындардың денсаулық проблемаларына ерекше назар аударылды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстың Санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова және Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев сөз сөйледі. Синая Нетаньяху, Джулия Новакки, Ирина Застенская және Пьерпаоло Муду ластаушы заттардың әсер етуін анықтаудың маңызды құралы ретінде адам биомониторингін қоса алғанда, қоршаған ортаға және денсаулыққа әсер ету жағдайын бағалаудың халықаралық әдіснамалық тәсілдерін ұсынды. Сондай-ақ әдіснаманың негіздері мен өнеркәсіп аймақтары үшін өзекті эпидемиологиялық деректер мәселелерін айтты.
Атап өту керек, Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының бас патологоанаты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің штаттан тыс бас профпатологы, медицина ғылымдарының докторы А. Аманбаева кәсіпке және экологияға байланысты аурулардың өсуі мен өнеркәсіптің әсері арасындағы байланысты растайтын ұлттық зерттеу нәтижелерін ұсынды. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова баяндама жасап, Қазақстан бойынша статистикалық деректерді ұсынды.
«Қазақстан Республикасының өңірлерінде, соның ішінде Атырау облысында халықтың денсаулық жағдайын және экологиялық факторларды талдау мынадай кешенді тәсілсіз денсаулық көрсеткіштерін тұрақты түрде жақсартудың мүмкін емес екендігін көрсетті: денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, аурулардың профилактикасын күшейту, санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты арттыру және қоршаған ортадағы қолайсыз факторлардың әсерін азайту», – деп атап өтті ҚР ДСМ ҚДСҰО Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.
Семинарға қатысушылар деректер мен халықаралық тәжірибеге негізделген интеграцияланған шешімдерді әзірлеу үшін денсаулық сақтау, экологиялық қызмет органдары мен ғылыми қоғамдастықтың арасындағы сектораралық өзара іс-қимыл қажеттілігін атап өтті. Семинар денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми негізделген және тұрақты дамуға бағытталған саясатты қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Атырауда ұсынылған тәжірибені Қазақстанның басқа өнеркәсіп өңірлеріне де таратуға болады.