2025 жылдың 3–24 мамыр аралығында Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ТЖ жөніндегі жедел орталықтың бас маманы Балмағамбетов Арыстан АҚШ Мемлекеттік департаменті ұйымдастырған беделді International Visitor Leadership Program (IVLP) халықаралық бағдарламасына қатысты. Жобаның тақырыбы – «Төтенше жағдайларға дайындық және оларды басқару». Сапар барысында Арыстан АҚШ-тың бес қаласына – Вашингтоннан Калифорнияға, Солтүстік Каролина, Оклахома және Массачусетс штаттарына барып, табиғи апат, техногендік авария және пандемия жағдайында жоспарлау, үйлестіру, ден қою бойынша озық тәжірибелерімен танысты.
2024 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құтқару қызметтері 83 мыңнан астам өрт сөндіру және авариялық-құтқару операцияларына қатысты, 14 мыңнан астам адамды құтқарып, 67 мыңнан астам азаматты эвакуациялады.
Арыстан Балмағамбетов: «Төтенше жағдайларға дайындық және оларды басқару» бағдарламасы – мен үшін халықаралық тәжірибе алуға, тәсілдерді салыстыруға және кәсіби байланыстарды нығайтуға жақсы мүмкіндік болды.
Бағдарлама барысында алған білім Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ТЖ басқарудың неғұрлым орнықты және адамға бағдарланған жүйесін дамытуға ықпал ететін болады», – деп атап өтті.
Бағдарлама аясында мемлекеттік және жеке меншік құрылымдардың ынтымақтастығына, еріктілерді оқытуға және дағдарыстан кейін қалпына келтіру шараларына ерекше көңіл бөлінді. Оклахома штатында қатысушы торнадодан кейінгі сәтті қалпына келтіру жағдайларымен және шұғыл көмек қызметтерінің өзара іс-қимыл стратегияларымен танысты.
IVLP халықаралық ынтымақтастық үшін, төтенше жағдайлар саласындағы кәсіби байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.