Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – ҰҚДСО) 2025 жылдың маусым айында Қазақстаннан Сауд Арабиясы Корольдігіне қажылыққа баратын қазақстандық қажылыққа барушылардың сапары басталатынын хабарлайды.
Қажылық және ұмра кезеңінде жыл сайын әлемнің 184-тен астам елінен 1,8–7,2 миллионға дейін адам жиналады. 2025 жылы Сауд Арабиясы Корольдігінің министрлігі Қазақстанға 4500 квота бөлді.
Қажылыққа жіберудің міндетті шарттарының бірі – елге келуден кемінде 10 күн бұрын және кіру күнінен кешіктірмей 5 жыл ішінде алынған менингококк инфекциясына қарсы (MenACWY) вакцинация туралы жарамды сертификаттың болуы. Сондай-ақ маусымдық тұмауға және COVID-19-ға қарсы екпе алу ұсынылады.
Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде болғанда мынандай жеке профилактика шараларын сақтау қажет:
• қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын сулықтарды пайдалану;
• жөтелген және түшкірген кезде сулықты пайдалану;
• ауырған адамдармен қарым-қатынасқа түспеу және олардың жеке заттарын пайдаланбау;
• адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
• түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және оларды ұстамау;
• қайнатылмаған және пастерилизацияланбаған түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ кездейсоқ сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;
• сырқаттанудың кез келген белгілері пайда болған кезде дәрігерге көріну.
Қажылықтан кейінгі ұсыныстар:
Қажылықтан оралған соң қажылар өз денсаулығын жіті бақылауы маңызды. Егер 7 күн ішінде дене қызуының көтерілуі, жөтел, бас ауруы сияқты жедел респираторлық инфекция белгілері пайда болса, дереу учаскелік дәрігерге жүгініп, жақында жасалған сапар туралы міндетті түрде хабарлау қажет.
Дәрігерге жүгінгенге дейін инфекцияның таралуын болдырмау үшін келесі алдын алу шараларын қабылдау ұсынылады:
• Түшкіргенде немесе жөтелгенде мұрын мен ауызды жабу үшін бір рет қолданылатын сулықты пайдалану;
• Қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуу;
• Сусызданудың алдын алу үшін жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу.
Егер қажылық кезінде сізде қант диабеті немесе гипертония сияқты созылмалы аурулар анықталса, елге оралғаннан кейін міндетті түрде медициналық тексерістен өтіп, дәрігерден тиісті кеңес алу қажет.
2025 жылғы 14 мамырда ҰҚДСО «Менингококк инфекциясы және қажылық: хадж және умра кезінде денсаулықты қалай қорғауға болады» тақырыбында вебинар (бұдан әрі – вебинар) өткізді.
Іс-шараның мақсаты – Сауд Арабиясына қажылықты ұйымдастыру кезінде менингококк инфекциясының алдын алу шаралары туралы хабардарлықты арттыру.
Вебинар кең ауқымды қатысушыларды қамтыды: Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен облыстарның дәрігер-эпидемиологтары, мұсылман дін өкілдері мен туристік операторлардың өкілдері, сондай-ақ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен ҰҚДСО мамандары. Вебинарға онлайн форматта барлығы 79 адам қатысты.
Сараптамалық көзқарасты денсаулық сақтау саласының мамандары мен дін өкілдері таныстырды:
• Омарова Д.Б., Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас маманы;
• Егембердиева Р.А., С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің инфекциялық және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры;
• Сатаева А.М., «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының дәрігер-эпидемиологы;
• Бауыржан Қарашбайұлы, Алматы қаласының Орталық мешітінің наиб имамы.
Вебинарда әлем мен Қазақстандағы менингококк жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы, менингокококк инфекциясына қарсы вакцинация мәселелері және қажылық етушілер арасында жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, қажылыққа барушылардың негізгі талаптары қарастырылады.