Қажылыққа баратын қазақстандықтарға Қажылық-2025 алдында медициналық талаптарды сақтау керектігін еске салады

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 2025 жылы Сауд Арабиясына қажылыққа баруды жоспарлап отырған азаматтарға қажылық кезінде денсаулықты сақтауға көмектесетін шаралар туралы ескертеді.

Қажылық айтарлықтай физикалық және психоэмоционалды күш-жігерді қажет етеді, сондықтан қажылыққа баратындар бірқатар медициналық өлшемшарттарға сай болуы керек. Атап айтқанда, созылмалы аурулардың мынадай ауыр түрлерімен ауыратын адамдарға рұқсат етілмейді:
* ауыр жүрек немесе бүйрек жеткіліксіздігі, оның ішінде гемодиализ қажетттілігі бар ауру;
* үнемі оттегі қолдауымен жүретін тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары;
* бауыр жеткіліксіздігінің белгілері бар бауыр циррозы;
* ауыр психоневрологиялық бұзылулар;
* химиотерапияны қажет ететін онкологиялық аурулар;
* жіті жұқпалы аурулар;
* жүктілігі 7 айдан асатын немесе асқыну қаупі жоғары кез келген мерзімдегі жүктілік.
Қажылыққа баратын әрбір адамның өзімен бірге құлшылық жасау қабілетін растайтын денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды болуы керек.

Менингитке қарсы екпе жасау (ACYW-135 төрт валентті вакцина) міндетті болып саналады. Вакцина елден кеткенге дейін кемінде 10 күн бұрын салынуы тиіс: полисахаридті вакцина 3 жылға, конъюгацияланған вакцина 5 жылға жарамды. Екпе туралы барлық деректер медициналық құжаттарда тіркелуі тиіс.
Сонымен қатар Қазақстанның полиомиелит ауруынан таза ел ретінде мәртебесі бар екендігіне қарамастан, осы ауруға қарсы ревакцинациядан өту ұсынылады.

Вакцинация Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында жүзеге асырылады.
ҚДСҰО қажылыққа барушыларға денсаулық жағдайы туралы қажетті барлық ақпаратты және қаптамадағы дәрі-дәрмектердің жеткілікті мөлшерін өздерімен бірге алып жүруді ұсынады.

Бұдан бөлек, жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қажылыққа барушыларға міндетті түрде мынадай сақтық шараларын орындау ұсынылады:
• жеке гигиенаны сақтау, қолды үнемі сабындап жуу немесе антисептикалық құралдарды қолдану, әсіресе бұл қоғамдық орындарға, дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішердің алдында және жөтелген соң немесе түшкіргеннен кейін маңызды;
• адам көп жиналатын орындарда медициналық маска тағу және респираторлық аурулардың белгісі бар адамдармен тығыз қарым-қатынас жасаудан аулақ болу;
• пастерленбеген сүтті ішпеу, жануарлардан алынатын шала қайнатылған немесе нашар қуырылған тамақтарды жемеу;
• түйелерді ұстамау, сонымен бірге түйе фермаларына, базарларына және түйе ұстайтын жерлерге бармау;
• жәндіктердің шағуынан репелленттерді қолдану, физикалық кедергі жасау (есік-терезелерге тор ілу), дененің көп бөлігін жауып тұратын ақшыл түсті қорғаныш киім кию арқылы қорғану;
• құлшылық жасау кезінде тік түсетін күн сәулесінің астында болуды шектеу және сусыздануды болдырмау үшін таза ауыз суды жеткілікті мөлшерде ішуді қамтамасыз ету;
• тамақтан улану қаупін болдырмау үшін балғын жеміс пен көкөністі жақсылап жуу және тамақ өнімдерін қауіпсіз температурада сақтау.

«Қажылыққа барушылардың денсаулығы — біздің басымдық. Осы ұсынымдарды сақтау азаматтарға өз денсаулығы мен айналасындағылардың амандығын сақтай отырып, лайықты қажылық жасауға мүмкіндік береді,» – деп атап өтті ҚДСҰО басқарма торайымы Манар Смагул.

Қажылықтан оралғаннан кейін әлсіздік белгілері (жоғары температура, жөтел, бас ауруы және басқа да белгілер) байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек.