Дүниежүзілік қол гигиенасы күні бізге қарапайым, бірақ өмірлік маңызды іс-әрекет — қол жууды еске салады, бұл медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың (МКБИ) алдын алудың негізгі элементі және пациенттердің қауіпсіздік мәдениетінің негізі болып қала береді.
Қол гигиенасы – бұл әрбір медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігі және адам өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасау. 2025 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекциялық бақылау саласындағы көшбасшылыққа ерекше назар аударып отыр. Мекемедегі басшылар, мейіргерлер, эпидемиологтар, сарапшылар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырады.
Неліктен бұл маңызды?
Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар бүкіл әлем бойынша пациенттер мен денсаулық сақтау жүйелеріне күн сайын қауіп төндіреді. Олар микробқа қарсы препараттарға төзімділікті күшейтеді, мүгедектік пен мезгілсіз өлімге әкеледі, сондай-ақ жүйеге қаржылық жүктемені ұлғайтады. Денсаулық сақтау мекемелерінде негізгі жағдайлардың — судың, санитарияның және гигиенаның (ССГ) болмауы инфекциялық бақылаудың тиімді болуына кедергі келтіруді жалғастыра береді.
2024 жылы JMP мәліметтері бойынша, әлемдегі медициналық ұйымдардың 43%-ы көмек көрсету орындарында сабын мен суға немесе антисептикке қол жеткізе алмайды. Бұл 3,4 миллиардтан астам адам қарапайым гигиена құралдары жоқ жағдайда көмек алады дегенді білдіреді.
Дегенмен, оң өзгерістер де бар. ДДҰ-ның 2023-2024 жылдардағы зерттеуіне сәйкес, бірінші, екінші және үшінші деңгейдегі денсаулық сақтау мекемелерінің 75% -ынан 84% -ына дейін барлық көмек көрсету орындарында қол гигиенасы пункттерінің бар екенін хабарлады – бұл алға жасалған маңызды қадам.
Не істеуге болады?
Қол гигиенасының тиімділігін арттыру үшін жүйелі тәсіл қажет:
* бекітілген бағдарламаның және нұсқаулықтың болуы;
* медицина қызметкерлерін тұрақты оқыту;
* практиканың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу;
* көмек көрсету орындарында антисептика мен раковиналардың болуы;
* ДДҰ және CDC халықаралық стандарттарына сәйкестігі.
ҚДСҰО не істейді?
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Медициналық ұйымдарда қол гигиенасын бағалау жөніндегі нұсқаулық» деп аталатын әдістемелік ұсынымды әзірледі, бұл:
* ЕПҰ-да қол гигиенасы практикасына жағдаяттық талдау жүргізуге;
* жақсарту үшін басым бағыттарды анықтауға;
* іс-қимыл жоспарын жасауға;
* нақты уақыттағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді.
Эпидемиологтар қауымдастығы шеңберінде госпитальдық эпидемиологтар өзін-өзі бағалау құралы мен Іс-шаралар жоспары шаблонын қолдану бойынша оқудан өтті.
______________
Қол гигиенасы – бұл жай ғана техника емес, бұл біз бірге жасайтын қауіпсіздік мәдениеті. Біз оны басшылықтан бастап медицина қызметкеріне дейінгі әрбір деңгейде қолдаймыз.
Өз мекемеңізде осы ақпаратпен бөлісіңіз, іс-шаралар ұйымдастырыңыз, адам өмірін сақтайтын практиканың ілгерілеуіне қатысыңыз!