Алматы қаласында 2025 жылдың 23–24 сәуірінде қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайларды басқару бойынша тәжірибе алмасу және алынған сабақтарды талқылау жөніндегі екі күндік семинар аяқталды. Іс-шараны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) Колумбия университеті жанындағы ICAP ұйымымен бірлесе ұйымдастырды. Семинарға салалық министрліктер, денсаулық сақтау басқармалары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері, ТЖМ, АШМ және басқа да серіктес ұйымдардан барлығы 38 маман қатысты.
Семинардың басты тақырыбы — 2024 жылғы көктемгі су тасқынының салдарын жою тәжірибесін талдау, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың күшті және әлсіз тұстарын анықтау, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін (ҚДСТЖБ) нығайту бойынша алдағы басымдықтарды айқындау болды. Іс-шараның орталық оқиғасы — 2025–2029 жылдарға арналған биологиялық қатерлерге дайындық және ден қою жөніндегі ұлттық жоспар жобасының ашық таныстырылымы.
«Бүгін біз өңірлік командалардың өз тәжірибесін сын көзбен бағалап қана қоймай, елдің биологиялық және климаттық қатерлерге дайындық деңгейін күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар жасап отырғанын көрдік. Семинар нәтижелері болашақ жоспарлардың негізін құрап, мамандарды одан әрі оқытудың бағдарына айналады», — деді ICAP жобасының үйлестірушісі Зауре Ахметова.
Интерактивті форматтар мен құралдар алмасу
Семинар интерактивті топтық жаттығулар түрінде өтті: өңірлік делегациялар басым қатерлер тізімін өз бетінше құрып, оны пленарлық отырыста ұсынды. Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшысы Қауіптерді стратегиялық бағалау құралдары (STAR) мен Ауруханадағы төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі тексеру парағын (Hospital Emergency Response Checklist) таныстырды және ICAP өкілі Анна Дерябина жобаға жалпы шолу жасап, өңірлік құрылымдардың дайындық деңгейін жан-жақты бағалауға және оны күшейту бойынша нақты шараларды айқындауға мүмкіндік беретін ҚДСТЖБ жүйелерінің мүмкіндіктері мен осалдықтарын талдау құралдарын көрсетті.
Қорытындылар және алдағы қадамдар
Семинар қорытындысы бойынша ұлттық жоспар жобасына, сондай-ақ «Қазақстанда қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін нығайту» жобасы аясында өтетін болашақ оқу семинарларына ұсыныстар пакеті әзірленді. ҚДСҰО және ICAP компаниясы «Шевронның» қолдауымен іске асырып жатқан бұл жоба кадрлық әлеуетті дамытуға, операциялық жоспарлауды жетілдіруге және ДДСҰ мен ICAP-тың озық құралдарын енгізу арқылы ТЖ-ға дайындықты бағалауға бағытталған.