Британдық микробиолог Александр Флеминг пенициллинді алғаш рет бөліп алған кезден бастап адамзат оба мен тырысқақ індеттерін бақылай алатын болды. Балалар скарлатинамен және дифтериямен аз ауыра бастады, бұл аурулардан қайтыс болу жағдайы көп болатын. Уақыт өте келе микробқа қарсы препараттардың үлкен тобы құрылды, ол бүгінде әртүрлі салаларда қолданылады.
Антибиотиктер жақсы болғанмен, жаңа қауіп – бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі (әсер етпеуі) пайда болды.
Антибиотиктер бактериялардың тіршілігін жою және олардың өсуін тоқтату үшін жасап шығарылған. Бірақ уақыт өте келе бұл дәрілер әсер етуін тоқтатады: кейбір микроорганизмдер қандай да бір антибиотикті қолданғаннан кейін тірі қалады, мутацияға ұшырайды және өсіп, көбейе береді. Бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта бұл – жаһандық медициналық және әлеуметтік проблема ғана емес. Көптеген мемлекеттер мұны ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер ретінде есептейді. Микробқа қарсы препараттарға резистенттілік барлық жастағы адамдар арасында мерзімінен бұрын өлім жағдайына, материалдық және еңбек ресурстарының артық жұмсалуына, денсаулық сақтау жүйесі жұмысының тиімділігін төмендетуге әкеледі.
Мәселен, егер қазір әлемде жыл сайын 700 мыңға жуық адам антибиотиктерге төзімді бактериялар тудыратын инфекциялардан қайтыс болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллионға дейін артуы мүмкін. Сонымен қатар, төзімді бактериялар тудыратын инфекциялардың экономикалық зиянын да ескеру қажет.
Соңғы жылдары өзін-өзі емдеудің жиілеуі алаңдатарлық үрдістердің біріне айналды. Көптеген адамдар дәрігерге қаралудың орнына, интернеттен диагнозы мен емдеу тәсілдерін іздеуді жөн көреді. Кәсіби білімнің жетіспеушілігі дәрі-дәрмекті дұрыс таңдамауға әкеледі. Мысалы, антибиотиктер тұмау немесе ЖРВИ сияқты вирустық инфекцияларды емдеуде мүлдем пайдасыз. Мұндай жағдайда оларды қолдану пайда әкелмеуімен қатар, бактерия төзімділігінің даму қаупін де арттырады. Біз біліксіз ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, адам интернеттен ақпаратты тауып, оны өзіне қолдана бастайды, бірақ оның білімі дұрыс емді тағайындау үшін жеткіліксіз болады.
Антибиотик сауатты және кәсіби түрде таңдалған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді, ал білімсіз және арнайы талдауларсыз бұл мүмкін емес.
Сондықтан өзін-өзі емдеу кезінде жіберілетін бірінші қателік – дәріні дұрыс таңдамау.
Екінші қателік – бұл дәрі-дәрмекті қабылдау тәртібін сақтамау, ал бұл өте маңызды, өйткені қандағы белсенді заттың аздаған дозасының өзі микробтардың антибиотиктерге бейімделуіне және төзімділігін дамытуға әкеледі.
Ең қауіптісі, микробқа қарсы препараттарды бақылаусыз қабылдау микробтардың антибиотиктерге сезімтал болмауына әкеледі, ал келесі жолы, тіпті дұрыс тағайындалса да, препарат әсер етпеуі мүмкін.
Сондықтан мынаны есте сақтау маңызды: қажетті талдауларды жүргізгеннен кейін және инфекцияның бактериялық сипаты расталған соң, тек дәрігердің тағайындауымен ғана антибиотиктерді қабылдау керек. Микробқа қарсы препараттарды сауатты және жауапкершілікпен қолдану ғана болашақ ұрпақ үшін олардың тиімділігін сақтауға көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының бактериялық және паразиттік инфекциялар мен АМР-ді бақылау референс-зертханасында микроорганизмдерді идентификациялауға бағытталған зерттеулер мен антибиотикограмма сынағы жүргізіледі. Бұл зерттеулер патогенді микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығын анықтау үшін өте маңызды. Алынған нәтижелер антибиотиктерді дұрыс таңдауға және оларды ұтымды қолдануға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде емдеудің тиімділігін арттыруға, бактерия төзімділігінің дамуын болдырмауға және жұқпалы аурулардың асқыну қаупін азайтуға көмектеседі