Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігімен медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуде микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселелері бойынша өткен онлайн кездесу

2025 жылы 10 сәуірде Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі өкілдерінің қатысуымен медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесінде микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен (МҚПТ) күрес жөніндегі бастамаларды іске асыруда халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанды әлеуетті қолдау мәселелеріне арналған онлайн-кездесу өтті.
Кездесуді өткізуге Қазақстанның Ұлттық іс-қимыл жоспары шеңберінде МҚПТ-мен күресте озық халықаралық практиканы ықпалдастыруға ұмтылыс бастама болды. Микробқа қарсы төзімділікті бақылау саласында танымал әлемдік көшбасшы ретінде Швеция негізгі серіктес болып таңдалды. МСАК деңгейінде антибиотиктерді қолдануды оңтайландыруда жоғары тиімділікті көрсететін Шведтік Strama моделі Қазақстанның ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Швецияда 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Strama бағдарламасы антибиотиктерді тағайындау мен қолдануды бақылаудың жүйелі тәсілі есебінен МҚПТ деңгейін төмендетуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі компоненттері:
* МСАК деңгейіне бейімделген клиникалық ұсынымдарды әзірлеу және енгізу;
* халық арасында антибиотиктерді қолдануға мониторинг жүргізу;
* жиналған статистика негізінде дәрігерлердің тағайындауы бойынша оларға кері байланыс  ұсыну.
Швецияның тәжірибесі амбулаториялық практикада негізсіз антибиотиктерді тағайындаудың айтарлықтай төмендеуін қоса алғанда, тұрақты оң нәтижелерді көрсетеді. Қазақстан ұлттық жағдайларды ескере отырып, осы тәсілдерді бейімдеуге мүдделі, бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға, дәрілік терапияны ұтымды етуге және елдегі МҚПТ өсу қарқынын төмендетуге ықпал ететін болады.
Кездесуге Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің, республикалық МСАК орталығының, сондай-ақ Клиникалық фармакологтар мен фармацевтердің кәсәби қауымдастығының өкілдері қатысты. Пікірталас аясында антибиотиктерді тағайындау және беру практикасына байланысты негізгі сын-қатерлер айтылды және МСАК жүйесінде тиісті стратегияларды тиімді енгізу үшін басым іс-қимылдар айқындалды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде МҚПТ-мен  күрестің Ұлттық жоспарын іске асыруда Қазақстанды қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты.