Үстіміздегі жылы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында (ҚДСҰО) Колумбия университеті жанындағы ICAP-пен серіктестікте Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтаудағы төтенше жағдайларды басқару (ҚДСТЖБ) саласындағы кадр әлеуетін нығайтуға және кадрларды оқытуға бағытталған жоба басталды.
Жобаның мақсаты өңірлердің биологиялық және техногендік төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын арттыру болып табылады.
«Өсіп келе жатқан жаһандық және ішкі тәуекелдер жағдайында қауіп-қатерлерді мониторингілеу ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайларға тиімді ден қоюға қабілетті кадрларды даярлау да басты міндет болып саналады. Біз болжам жасау жүйесін дамыту және ден қою жоспарларын жетілдіру арқылы ұлттық және өңірлік құрылымдардың әлеуетін нығайтуға тырысамыз. Бұл жоба Қазақстанда тұрақты қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін құрудағы маңызды қадам болмақ,» – деп атап өтті ҚДСҰО Басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова.
ҚДСҰО қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ТЖ бойынша жедел орталығын ICAP заманауи техникамен толық жарақтандыру төтенше жағдайларды басқару инфрақұрылымын дамыту жобасының маңызды қадамы болды.
Жедел орталық басқа мүдделі органдармен өзара іс-қимыл жасауда денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы биологиялық, химиялық және радиологиялық сипаттағы ТЖ-ға жедел ден қоюына ықпал етеді.
Жоба шеңберінде өңірлер арасында тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шаралар, түрлі салалардан ТЖ басқармасына тартылған мамандар үшін тренингтер өткізілетін болады, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы басым ҚДСТЖБ бағыттары бойынша стандартты операциялық рәсімдерді (СОП) әзірлеу, қайта қарау және енгізу бойынша әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетілетін болады. Барлық іс-шаралар Шеврон компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.
2025 жылы 23-24 сәуірде Алматы қаласында Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен олардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ бес облыстағы әкімдіктердің Денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша тәжірибе алмасу және тәлім алған сабақтарды талқылау жөнінде семинар өтеді.
Семинар барысында қатысушылар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға байланысты тәуекелдерді бағалайды және кейінгі тренингтер мен мамандарды оқыту үшін басым бағыттардың тізбесін жасайды. Жобаны іске асыру өңірлік және ұлттық деңгейлерде сектораралық үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.