Бүгінгі таңда Қазақстанның көптеген өңірлерінде бірқатар қауіпті инфекцияларды тасымалдаушылардың – иксод кенелерінің белсенділігі тіркелуде, олардың арасында кене энцефалитінің өзектілігі үлкен.
Кене энцефалиті – табиғи-ошақты, инфекциялық, вирустық ауру, ол негізінен орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, жиі ауыр түрде өтеді және мүгедектік пен өлімге әкелуі мүмкін. Инкубациялық кезең 3 күннен бастап 30 күнге дейін созылады, орташа –7–10 күн.
Қазіргі жағдайда халықтың кене энцефалитімен сырқаттанушылығы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып сипатталады: жыл сайын Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының аумағында 24-тен бастап 30-ға дейінгі жағдай тіркеледі. Сонымен қатар, осы әкімшілік аумақтардың өзінде 10 600-ден астам адам кененің шағуына байланысты дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Табиғи-климаттық жағдайларға байланысты кенелердің белсенділігі маусымды қоса алғанда наурыз-сәуір айларында, республиканың шығысы мен солтүстігінде тамыз-қыркүйек, ал соңғы уақытта қазанға дейінгі айларда байқалады.
Кене энцефалитін жұқтырып алмау үшін кенелердің тіршлік ететін жерлеріне барған кезде алдын алу шараларын сақтау қажет. Мұндай шараларға арнайы киім кию мен үркіткіш құралдар – репелленттерді қолдану жатады. Егер кәдімгі киім киілетін болса, онда ашық түсті және дененің ашық жерлерін жабатын киім киген жөн; міндетті түрде бас киім кию керек. Табиғат аясынан келген кезде жануарларда, гүл шоқтарында және т. б. кенелердің болмауын тексеру керек.
Кене энцефалитінің алдын алудың спецификалық шараларына вакцинация жатады, ол бүгінгі күні бұл ауруға қарсы жалғыз сенімді құрал болып табылады. Вакцинация мәселесі бойынша эндемиялық аудандардың тұрғындары тіркелген жерлері бойынша медициналық ұйымға баруы керек.
Кене шаққаннан кейін белгіленген медициналық ұйымға бару керек, ол жерде зардап шеккендерге иммуноглобулинмен профилактикалық емдеу жүргізіледі. Препарат кене шақаннан кейінгі алғашқы 4 күн ішінде әсер етеді.
Алматы қаласының тұрғындары үшін серопрофилактика пункттері келесі медициналық ұйымдардың базасында орналасқан:
1) Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6) – Бостандық, Медеу аудандарының тұрғындары үшін;
2) жедел жәрдем ауруханалары (Қазыбек би көшесі, 96), Алмалы ауданының;
3) № 4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220) – Жетісу, Түрксіб аудандарының тұрғындары үшін;
4) № 7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман ықш.ауд.) – Алатау, Әуезов, Наурызбай аудандарының тұрғындары үшін;
5) № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы (Манас көшесі, 40) – 15 жасқа дейінгі балалар үшін.
Егер медициналық көмекке жүгіну мүмкін болмаса, кенені арнайы құрылғыларды, жіптерді және т.б. пайдаланып өздігінен алып тастау керек.
Кене энцефалитінің түрін анықтау және кенені вирусты жұқтыруына зерттеу ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалында (Әуезов көшесі, 84) жүргізіледі, тел. нөм. +7 727 369 91 98.