Ақмола облысында инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (бұдан әрі – ҚДСҰО) Ақмола облысының босандыру ұйымдарында медициналық қызметтердің сапасын арттыру және инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 25-27 наурыз аралығында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің бастамасы аясында кешенді бағалау жүргізді. ҚДСҰО бас маманы Гаухар Агажаева мониторингтік топтың құрамында болды.

Мониторинг барысында 7 медициналық ұйымға тексеру жүргізілді, инфекциялардың профилкатикасы және инфекциялық бақылау практикаларына талдау жасалды, сондай-ақ туберкулездің алдын алу мәселелері қаралды. Проблемалық аспектілерді анықтауға және оларды жою бойынша ұсыныстар жасауға ерекше назар аударылды.

7 наурызда мониторинг шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен Ақмола облысы әкімдігі штабының отырысы өтті. Отырыс барысында Гаухар Агажаева баяндама жасап, медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын инфекциялардың (МКБИ) алдын алудың негізгі проблемаларын атап өтті және оларды шешудің ықтимал жолдарын ұсынды.

“Өткізілген іс-шаралар өңірдегі медициналық мекемелерде инфекциялық бақылау практикасын бағалау және жетілдіру үшін өте маңызды. Медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын инфекциялардың және туберкулездің алдын алу мәселелерін қарау медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мониторинг нәтижелері мен ҚДСҰО мамандарының ұсыныстары өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға және инфекциялық қауіп-қатерлерге бақылауды күшейтуге бағытталатын болады,” – деп атап өтті Гаухар Агажаева.

Мониторинг нәтижелерін талқылау және одан әрі стратегияларды әзірлеу үшін 2025 жылы 19 наурызда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесіп ҚДСҰО онлайн семинар-кеңес ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық және аумақтық (аудандық) басқармаларда туберкулездің және МКБИ алдын алу мәселелеріне жетекшілік ететін мамандар, сондай-ақ Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында:
* өңірдің медициналық ұйымдарында инфекциялық бақылаудың өзекті аспектілеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілді;
* туберкулездің алдын алудың проблемалық мәселелері анықталды және оларды жою шаралары ұсынылды;
* мониторинг жүйесін жетілдіру, медицина персоналын оқыту бағдарламаларын кеңейту және инфекциялық бақылаудың озық тәжірибелерін енгізу қажеттігі атап өтілді;
* инфекциялық бақылау шараларын күшейту, инфекциялық аурулардың профилактикасы туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ инфекция жағдайларын талдау және тергеп-тексеру жүйесін нығайту бойынша ұсынымдар тұжырымдалды.

Инфекциялық қауіп-қатерлерді басқарудың кешенді тәсіліне және пациенттердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
2025 жылы 27 наурызға Ақмола облысындағы медициналық ұйымдардың госпитальдық эпидемиологтарының қатысуымен семинар-кеңес өткізу жоспарланды. Семинар-кеңес барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері, инфекциялардың профилактикасы және өңірде инфекциялық бақылауды жетілдіру мәселелері қаралатын болады.