Жыл сайын дүние жүзінде бұл аурудан 300 мыңға жуық адам және шамамен 1 000 000 жануар өледі. Қазақстанда соңғы 10 жылда (2015–2024 жж.) адамдар арасында 25 құтырма жағдайы тіркелді.
Құтырма – аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру, вакцинасыз жүйке жүйесін зақымдап, өліммен аяқталатын қатерлі ауру. Қатты сілекей ағу, агрессивті мінез – құлық, жүйке жүйесінің зақымдануы – құтырма вирусынан туындаған негізгі белгілер.
Инфекция көздері – жабайы жануарлар (қасқырлар, түлкілер және басқалары), ауыл шаруашылығы жануарлары (ірі және ұсақ мал, жылқы, шошқа), сондай-ақ үй жануарлары (иттер, мысықтар).
Құтыру қалай жұғады?
Ауру жануар тістегенде, тырнағанда немесе сілекейі жараға түскенде жұғады.
Маңызды!
Сырт көзге жануардың құтырумен ауыратынын байқау мүмкін емес. Жануарларда құтырма вирусы аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 3-10 күн бұрын сілекеймен бөлінуі мүмкін. Көп жағдайда адамдар: «Мені тістеп алған ит сау болатын, сондықтан дәрігерге барудың қажеті жоқ», – дейді, мұндай жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгінбеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Құтырудың алдын алу шаралары:
– Жабайы және иесіз жануарлармен жанасудан аулақ болыңыз.
– Үй жануарларына құтыруға қарсы екпе салдырыңыз.
– Егер жануар тістесе, тырнаса немесе сілекейі жараға тисе, жараны дереу сабынды сумен жуыңыз және міндетті түрде дәрігерге қаралып, құтыруға қарсы екпе алыңыз.
– Егер сіз агрессивті немесе ерекше мінез-құлық танытқан жануарды байқасаңыз, ветеринарлық қызметке хабарлаңыз.
Есіңізде болсын: құтырудың емі жоқ, бірақ оны уақтылы вакцинация арқылы болдырмауға болады!