Крещение күнгі шомылу – бұл 19 қаңтарда Крещение мерекесінде өтетін дәстүрлі рәсім.
Танымал болғанына қарамастан, мұздай суға түсу денеге стресс болуы мүмкін, сондықтан денсаулықты сақтау ұсынымдарын ескеру маңызды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова денсаулықты қалай сақтау керектігі туралы айтып берді.
– Крещение күні денсаулыққа қауіпсіз шомылуға жәнн қалай дұрыс дайындалу керек?
– Алдымен, міндетті түрде, әсіресе созылмалы ауруларыңыз болса, дәрігермен кеңесу керек. Жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, буын аурулары бар немесе тыныс алу жүйесі нашар адамдардың шомылмағаны дұрыс. Дайындықты ерте бастау да маңызды – мерекеге бірнеше апта қалғанда күн тәртібіне контрастты душ қабылдауды немесе денені сүртіп тұруды қосыңыз. Дұрыс жабдықталу туралы ұмытпаңыз: жылы киім алып, тайғанамайтын аяқ киім киіңіз.
– Суға түсу кезінде қандай ұсынымдар бере аласыз?
– Суға түсер алдында жеңіл жаттығу жасаңыз: қан айналымын жақсарту үшін еңкейіп, қолыңыз бен аяғыңызды қозғалтыңыз. Салқын судан тітіркенбес үшін суға ақырындап түсіңіз. Егер сіз шынықпаған болсаңыз, мойныңызға дейін ғана суға түсумен шектеліңіз. Суда 30 секундтан ұзақ болмаңыз – ең көп дегенде бір минут болыңыз. Және міндетті түрде құтқарушылары бар арнайы жабдықталған жерлерде шомылыңыз.
– Судан шыққаннан кейін бірден не істеу керек?
– Тездетіп құрғақ, жылы киім киіп, денеңізді құрғатыңыз, егер сіз басыңызды суға батырсаңыз, шашыңызға ерекше назар аударыңыз. Жылы шай ішіңіз, бірақ ішімдік ішпеңіз – ол суық тигізу қаупін арттырады. Мүмкіндігінше тезірек жылы жерге баруға тырысыңыз.
– Крещение күні шомылудан кімнің бас тартқаны дұрыс?
– Гипертония, аритмия, стенокардия, буын және омыртқа аурулары бар, сондай-ақ суық тиген немесе жұқпалы аурулары бар адамдардың шомылмағаны дұрыс. Егер сізде осы қарсы көрсетілімдердің болмағанда біреуі болса, шомылудан бас тартқан дұрыс.
– Ұсынымдар бұзылған кезде қандай қауіптердің туындауы мүмкін?
– Ең алдымен, бұл температура соққысы. Салқын судан қан тамырлары тартылады, бұл жүректің тоқтап қалуына немесе тыныс алу проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, әсіресе ауа температурасы төмен болған кезде мұздай суға қысқа ғана уақытта денеңіз тиген кезде суық тию қаупі болады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар адамдар суға түскен кезде гипертониялық дағдарыс немесе стенокардия ұстамасы сияқты асқынулардың туындауы мүмкін.
– Крещение күні шомылуға бет бұрған адамдарға айтар кеңесіңіз?
– Ең алдымен, физикалық мүмкіндіктеріңізді біліп, мамандардың ұсынымдарын мұқият орындаңыз. Крещение күні шомылу – бұл діни рәсім, бірақ оған жауапкершілікпен қарау керек. Дайындық, қауіпсіздік шараларын сақтау және дұрыс көзқарас денсаулыққа жағымсыз салдардан аулақ болуға көмектеседі.
Крещение күні шомылу – бұл мұқият қарауды қажет ететін дәстүр. Мұздай суға түсу туралы шешім қабылдамас бұрын, ұсынымдарды ескеру маңызды. Әсіресе созылмалы аурулары бар немесе шынықпаған адамдар абайлау керек. Дәрігермен кеңесу, дұрыс жабдықталу және қауіпсіздік шараларын сақтау денсаулыққа кері әсер етпеуге көмектеседі. Ұсынымдарды орындау сізге келеңсіз жағдайлардан аулақ болуға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.