Қазақстанда басқа органдармен және ведомстволармен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударады.
Аумақтық департаменттер мен ведомстволық бағыныстағы қызметтер атмосфералық ауаның ластану деңгейіне жүйелі түрде санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді және ауа сынамалардындағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының жоғары болуын анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізеді, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында проблемалық мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға және мүдделі ведомстволарға ұсынымдар мен ұсыныстар жібереді.
2024 жылдың 9 айында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет зертханалары санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша атмосфералық ауаның 477 мыңнан астам сынамасын алып, зерттегенін айта кету керек, оның ішінде 7 149 сынама немесе олардың 1,5%-ы шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРЕК) жоғары болғаны анықталды. Алматы, Астана қалаларының және Абай облысының атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың ШРЕК деңгейі республикалық орташа деңгейден жоғары болуы байқалды.
Бұдан бөлек, Қазгидромет пен ресми медициналық статистика мәліметтерін ескере отырып, атмосфералық ауаның ластану деңгейі мен халық сырқаттанушылығының, әсіресе респираторлық аурулар деңгейі арасындағы себеп-салдарлық байланысқа талдау жүргізіледі.
Мысалы, қауіп-қатерді бағалау әдістемесіне және математикалық статистика әдістеріне сәйкес зерттелген бірқатар аймақтарда (Астана, Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Семей, Ақтау қалалары және т.б.) қалқымалы бөлшектердің (шаңның), PM2.5, PM10 ұсақ дисперсті қатты бөлшектердің, күкірт диоксиді, көміртек тотығының, азот диоксидінің, азот оксидінің, озонның жоғары концентрациялары сырқаттанушылықтың өсуіне және ең алдымен тыныс алу мүшелері ауруларының қайта анықталған жағдайларының санына әсер етуінің үлкен қаупі байқалады.
Бұл заттардың барлығы елді мекендердегі атмосфералық ауаның ластануына үлкен үлес қосып отыр және адам денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, үлкен (диаметрі 10 микрон және одан төмен) қатты PM10 бөлшектері өкпеге еніп, тыныс алу жолдарының шырышты қабығын тітіркендіруі, қабындыруы және зақымдауы мүмкін.
Денсаулық үшін диаметрі 2,5 мкм және одан төмен болатын кішкентай және зияны көбірек бөлшектер өкпе тосқауылы арқылы қан айналымы жүйесіне еніп, негізгі ішкі ағзаларды зақымдайды. Бұл ластаушы заттар жүрек-қантамыр және тыныс алу мүшелері ауруларының, сондай-ақ өкпе обыры мен инсульт қаупін арттырады.
Зиянды заттардың жоғары концентрациясы қысқа мерзімнің өзінде әсер еткен кезде бастың ауруын және айналуын, тамақтың жыбырлауын, аллергиялық ринит, жөтел, шырышты қабықшалардың тітіркенуін тудырады.
Ұшпа органикалық қосылыстар, азот пен күкірт оксидтері организмде қабынуды тудырады және канцерогендер болып табылады, яғни жасушалар мутациясын қоздырады және обырдың пайда болу қаупін арттырады, азот пен күкірт қос тотықтары астма, бронх зақымдануының, өкпе қабынуының факторлары бола алады; тыныс алу жеткіліксіздігі қаупін арттырады.
Құрамында озон мөлшері жоғары түтін шырышты қабықшаларды тітіркендіріп, оларды зақымдауы мүмкін. Озон – демікпемен байланысты сырқаттанушылық пен өлімнің негізгі факторларының бірі.
Бұл ластаушы заттардың барлығы электроэнергетикалық қондырғылардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және көлік құралдарының отын жағуының, сондай-ақ газдардың химиялық реакцияларының нәтижесінде пайда болады. Сондай-ақ атмосфералық ауаның ластануы белгілі бір метеорологиялық жағдайларды, мысалы, ұзақ уақыт бойы жел немесе жауын-шашын болмайтын тұрақты антициклонды күшейтеді, елді мекендердің жел ағындары баяулайтын ойпаттар мен алқаптарда орналасуы да ауаның жай-күйін қиындатады.
Қазақстанда атмосфералық ауаның сапасын жақсарту бойынша бірқатар жүйелі және кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын, жүйелі мониторинг жүргізілетінін және зерттеу нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындардың атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпараттандырылатынын айта кету керек.
Осымен қатар, ауа ластануының зиянды әсерін азайту және денсаулығыңызды сақтау үшін не істеу керектігі туралы мынадай бірнеше ұсынымдар береміз:
1. Үйіңізге және жұмыс орныңызға үнемі ылғалды тазалау жүргізіңіз және оларды желдетіп тұрыңыз. Бөлмелерде ауа тазартқыш пен ылғалдандырғышты қолданған жөн. Үй өсімдіктерін өсіріңіз, үйіңіздің айналасына ағаш отырғызыңыз.
2. Метеорологиялық қызмет үнемі хабарлап тұратын ауаның ластану деңгейі жоғары күндері терезелеріңізді жақсылап жабыңыз.
3. Шаңды, лас жерлерде жұмыс істеген кезде тыныс алу мүшелерін қорғайтың құралдарды қолданыңыз.
4. Жаяу жүру және серуендеу үшін жасыл желегі мол және тоғандары бар жолды таңдаңыз. Қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көліктің жанында тұрмаңыз.
5. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз және иммундық жүйеңізді витаминдермен, пайдалы микроэлементтермен және дұрыс тамақтанумен күшейтіңіз.