Туляремия-жіті инфекция түрінде пайда болатын табиғи-ошақты сипаттағы ауру. Туляремия кезінде лимфа түйіндері мен тері зақымданады, кей жағдайда көз және өкпе де зақымданады, бұдан басқа жалпы интоксикация симптомдары да білінеді.
Негізінен, туляремия ауылдық жерлерде көптеп кездеседі, алайда соңғы жылдары қала жағдайында да сырқаттанушылықтың ұлғаю үрдісі байқалады. Сырқаттанушылық жыл бойы кездесіп жатады, бірақ күзгі кезеңде сырқаттанушылық саны едәуір байқалады, бұл шөп шабу және егін жинау жұмыстарымен байланысты. Туляремияның трансмиссивтік жолмен өршуі шілде-тамыз айларында да жиі байқалады.
Профилактикасы. Туляремияның табиғи ошақтарын бақылау, жабайы жануарлар арасында эпизоотияны уақтылы анықтау, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізу қарастырылады. Адамдар ауырған жағдайда инфекция қоздырғышының көзін анықтап, жұқтыру жағдайы айқындалады. Алдағы іс-шаралар нақты жағдайға байланысты. Атап айтқанда, қайнатылмаған суды пайдалануға тыйым салу қажет; трансмиссивті жұқтыру кезінде орын алуы мүмкін жерлерге бару уақытша шектеледі және т.б. Спецификалық профилактика (вакцинациялау) туляремия вакцинасымен жүргізіледі. Вакцинациялауға жататын контингенттерді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аймақтық органдары айқындайды.