Қазақстандағы мектептерде дұрыс тамақтандыруды дамыту жолдары

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Байланыстар және әріптестік бюросы ұйымдастырған “Агроазық-түлік жүйелерінің әлеуетін бағалау: Қазақстандағы мектептерде дұрыс тамақтандыру мәселесін шешу жолдарын айқындау тәсілі” тақырыбында үш күндік семинар басталды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – агроазық-түлік жүйелерін жақсарту және еліміздегі мектептерде дұрыс тамақтандыру саясатын енгізу үшін шешімдер қабылдау.

Семинар жұмысына модератор ретінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қатысады. Семинардың ашылуында сөйлеген сөзінде ол өскелең ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты маңызды міндеттер болып табылатындығына, ал мектепте тамақтандыру – балалар денсаулығының негізі екендігіне назар аударды.

«Мектепте тамақтандыру балалардың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Соңғы зерттеулерге сәйкес, 5-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың салмағы артық, шамамен 7%-ы семіздіктен зардап шегеді, ал 5%-ының салмағы аз. Балалардың 60% – дан астамы жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтынады, ал балалардың 25,5% – ы күнделікті таңғы асты ішпейді. Таңғы асты ішпейтін балалардың бұл пайызы жастары өскен сайын арта түседі, ал 15 жасқа қарай жасөспірімдердің 50% – дан астамы таңғы ас ішпейді. Балалар мен жасөспірімдер арасында қант қосылған сусындарды тұтыну өсуде: балалардың шамамен 17% – ы күн сайын осындай сусындарды ішеді, ал 60% – ы апта сайын 4- 7 реттен қант қосылған түрлі сусындарды ішеді. Сонымен қатар, тағы бір зерттеуге сәйкес, 11-15 жастағы мектеп жасындағы балалардың шамамен 40% – ы энергетикалық сусындарды ішеді», — деп атап көрсетті Салтанат Назарова.

Негізгі спикерлер арасында жоба жетекшісі және ФАО мониторинг және бағалау жөніндегі маман Клемент Лорвао, ФАО-ның тамақтану және азық-түлік жүйелері жөніндегі қызметкері Ти Киан Сеу және азық-түлік жүйелері мен тамақтану жөніндегі сарапшы Ренко Немет болды.

Семинарға Қазақстан Республикасы Парламентінің мүшелері, бейінді министрліктердің, пилоттық өңірлердегі жергілікті билік органдарының өкілдері, негізгі қызмет көрсетушілер, фермерлер, бөлшек саудагерлер, мектептер мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысады.

Қатысушылар негізгі мүдделі тараптардың әлеуетін нығайтуды, мектепте дұрыс тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін агроазық-түлік жүйесі тұжырымдамасын іске асыру жолдарын әзірлеуді талқылайды, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибелер мен Қазақстандағы мектептерде тамақтандыруды ұйымдастырудың ағымдағы жағдайын қарастырады.