2024 жылы 25 қараша – 1 желтоқсан аралығында Қазақстанда Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған ақпараттық науқан өтті. Бұл күн АИТВ/ЖИТС туралы, аурудың алдын алу жөнінде хабардарлықты арттыру және халықаралық ынтымақтастықты көрсету үшін бүткіл әлемдегі адамдарды біріктіреді. 2024 жылғы ұран: “Дұрыс жолды таңдаңыз – адам құқықтары жолы”, әр адамның құқықтарын сақтаудың, емдеуге тең қол жеткізудің және кемсітушілікті жоюдың маңыздылығын көрсетеді.
Әлемдік АИТВ/ЖИТС статистикасы
2023 жылы бүкіл әлемде 39,9 миллион адам, оның ішінде 1,4 миллион бала АИТВ-мен өмір сүрді.
Инфекция жұқтырудың жаңа жағдайы 1,3 миллион адамды құрады, ал 630 000 адам ЖИТС-ке байланысты аурулардан қайтыс болды.
Індет басталғаннан бері 88,4 миллион адам АИТВ-инфекциясын жұқтырды, оның ішінде 42,3 миллион адам қайтыс болды.
Бүгінгі таңда 30,7 миллион адам антиретровирустық терапияны (АРТ) алады. Дегенмен, бұл көрсеткіш 2025 жылға жоспарланған 34 миллион мақсатты деңгейден әлі де төмен.
Әйелдер мен қыздар АИТВ-мен ауыратын адамдардың 53%-ын құрайды. Инфекция жұқтырудың жаңа жағдайларының ішінде олардың үлесі 44% құрайды.
Қазақстан: ағымдағы ахуал
2023 жылдың аяғындағы мәліметтер бойынша, Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 34 388 адам тіркелген, олар өз мәртебесін біледі.
Антиретровирустық терапиямен қамту соңғы 12 жылда 19 есе өсті: бүгінде инфекция жұқтырғандардың 89% – ы ем алады.
АРТ алатын АИТВ-мен ауыратын пациенттердің 90%-ында вирустық жүктеме төмен, бұл олар жыныстық жолмен вирусты жұқтыра алмайды дегенді білдіреді.
ЖИТС-тен болатын өлім 2018 жылғы 100 000 адамға шаққанда 1,4 жағдайдан 2024 жылы 0,5 жағдайға дейін төмендеді.
АИТВ дегеніміз не және ол неліктен қауіпті?
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) — иммундық жүйені зақымдайтын, организмді жұқпалы және онкологиялық ауруларға осал ететін инфекция. АИТВ-инфекциясы өте келе ЖИТС-ке (жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы) ауысады.
АИТВ жұқтырудың негізгі жолдары:
Жыныстық қатынас (презервативті қолданбай);
Қан (инфекция жұқтырған ине, медициналық құралдар арқылы);
Анадан балаға (жүктілік, босану немесе емізу кезінде).
Білу маңызды: АИТВ сүйісу, қол алысу, ыдыс-аяқты немесе басқа да тұрмыстық заттарды бірлесіп пайдалану арқылы жұқпайды.
Алдын алу және емдеу шаралары:
АИТВ-инфекциясының алдын алудың негізгі аспектілерінің бірі -салауатты өмір салты. Салауатты өмір салтының негізі – күнделікті дене белсенділігі, дұрыс тамақтану, денені шынықтыру, толыққанды демалыс, жаман әдеттер мен стресстік жағдайлардың алдын алу.
Жыныстық қатынастың кез келген түрінде презерватив қолдану.
АИТВ-ға және жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекцияларға тестілеу.
Есірткі қолданатын адамдар үшін зиянды азайту бағдарламаларына қатысу.
Қазіргі заманғы препараттарды қолдану: антиретровирустық терапия, жанасуға дейінгі және жанасудан кейінгі профилактика.
Вирустық жүктемесі төмен, АРТ қабылдайтын адамдар жыныстық қатынас арқылы вирусты жұқтыра алмайды. Бұл әдістердің қолжетімді болуы АИТВ-ға қарсы күрестің маңызды бөлігі болып табылады.