Микробқа қарсы төзімділік: адам денсаулығына төнетін үлкен қауіп

Астанада 2024 жылы 18 қарашада ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесі туралы хабардарлықты арттыру апталығына арналған дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР АШМ ВБҚК Республикалық ветеринариялық зертханасы, Клиникалық фармакологтар мен фармацевтердің кәсіби қауымдастығы, Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы, Астана медицина университеті, ҚР ДСМ СЭБК Ұлттық сараптама орталығы, Олимп КДЗ және басқалар қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасында микробқа қарсы төзімділікті эпидқадағалау жүйесін іске асыру мәселелері, қол жеткізген жетістіктер мен болашаққа арналған жоспарлар, сондай-ақ микробқа қарсы төзімділік жөніндегі Жол картасының іс-шараларын іске асыру шеңберінде шолғыншы зертханаларды бағалау нәтижелері және зертханалық диагностиканы жақсарту жөніндегі жоспарлар талқыланды. Қатысушылар антибиотиктерді популяциялық және стационарлық деңгейде қолдану туралы ақпаратпен бөлісті, сонымен қатар микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрестегі азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбын қозғады.
Антибиотиктерге төзімділік – адам денсаулығына төнетін үлкен қауіп. Жыл сайын антибиотиктерге төзімді микроорганизмдер тудыратын инфекциялардан 700 000-ға жуық адам қайтыс болады.
Антибиотиктерді дұрыс қолданбау, соның ішінде өзін-өзі емдеу және ауыл шаруашылығында бақылаусыз қолдану микробқа қарсы төзімділіктің пайда болуына негізгі себеп болып отыр.
Тұрақты инфекциялардың дамуын болдырмау, қолданыстағы дәрі-дәрмектердің тиімділігін сақтау, инфекциялардың таралу қаупін азайту, жануарлардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында мыналарды ұсынамыз:
1. Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдаңыз.
2. Тұмау немесе суық тию сияқты вирустық инфекцияларды емдеу үшін антибиотиктерді қолданбаңыз.
3. Ешқашан басқа адамдарға тағайындалған антибиотиктерді қабылдамаңыз.
4. Тіпті өзіңізді жақсы сезінсеңіз де, емдеу курсын мерзімінен бұрын тоқтатпаңыз.
5. Өз бетінше емделуге болмайды.
6. Қолыңызды үнемі сабынмен жуыңыз, әсіресе тамақтанар алдында және қоғамдық орындарға барғаннан кейін сабынмен жуыңыз.
7. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.