14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні: кедергілерді жеңу және хабардарлықты арттыру

Жыл сайын 14 қарашада дүниежүзілік қауымдастық қант диабетінің алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге көбірек көңіл бөлу қажеттілігін еске түсіретін Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күнін атап өтеді. 1991 жылы жарияланған бұл күн инсулинді ашқан ғалымдардың бірі Фредерик Бантингтің туған күніне орай таңдалып алынды. 2024 жылғы қант диабетімен күрес күнінің тақырыбы – “Кедергілерді жеңу, олқылықтарды жою”, бұл диабетпен ауыратын адамдарды емдеуге қол жеткізу және қолдау қажеттілігін көрсетеді.

Қант диабеті – ағзада инсулин жеткіліксіз болған немесе оны тиімді пайдалана алмайтын жағдайларда туындайтын созылмалы ауру. Бұл гипергликемия – қандағы қант деңгейінің жоғарылауына әкеледі, бұл жүйке жүйесі мен тамырларға, сондай-ақ ағзаларға зақым келтіреді.

Халықаралық диабет федерациясының (IDF) мәліметтері бойынша, әлемде шамамен 537 миллион адамға  диабет диагнозы қойылған. 2045 жылға қарай олардың саны 783 миллионға жетеді деп күтілуде. Олардың 95% -дан астамы – инсулинге тәуелді емес диабет ретінде де белгілі 2- дәрежелі қант диабетімен ауыратын адамдар. Бұл ауру бұрын ересектерге тән болған, бірақ қазір өмір сүру салты факторларына байланысты балалар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі.

Қазақстанда “Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі” АЖ деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша диабетпен ауыратын 486 174 пациент тіркелген, оның ішінде 456 573 адам 2-ші дәрежелі қант диабетімен ауырады. 1-дәрежелі қант диабетімен ауыратын балалар мен жасөспірімдер арасында 5300 адам, ал 2-дәрежелі қант диабетімен 400 адам тіркелген. 2023 жылдың 9 айында тұрғындардың қант диабетімен ауыруы, 100 000 адамға шаққанда, 301,4 құрады, ал 2024 жылы, 100 000 адамға шаққанда, 333,4-ке дейін өсті, бұл 10,6%-ға артқандығын көрсетеді.

2-дәрежелі қант диабетінің негізгі себептеріне дене белсенділігінің жеткіліксіз болуы, дұрыс тамақтанбау және семіздік жатады. Генетикалық бейімділік те маңызды рөл атқарады. Алайда диабетте аралық жағдай — предиабет болады, ол глюкозаға төзімділіктің төмендеуі және аш қарынға гликемияның бұзылуы сияқты жағдайларды қамтиды. Мұндай жағдайдағы адамдарда диабет қаупі болады және өмір салтын өзгерту аурудың алдын алуға көмектеседі.

Диабет мынадай ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін:

  • соқырлық;
  • бүйрек жеткіліксіздігі;
  • жүрек-қан тамырлары аурулары;
  • аяқ ампутациясы.

 2-дәрежелі қант диабеті мен оның асқынуын болдырмау үшін ұсынылады:

  • Қалыпты дене салмағын сақтау.
  • Күн сайын кем дегенде 30 минут дене шынықтырумен айналысу.
  • Қант пен қаныққан майларды азайту арқылы дұрыс тамақтануды ұстану.
  • Темекі шегуден толығымен бас тарту.

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні ерте диагноз қоюдың, алдын алудың және емдеуге тең қол жеткізудің маңыздылығын еске салады. Жақсы күтім жасаған кезде және емдеуге қол жеткізуде қант диабетімен ауыратын адамдар толық және сапалы өмір сүре алады.

Осы күні, 14 қарашада, әлем жұртшылығы қант диабеті туралы хабардарлықты арттыру, кедергілерді жою және осы ауруға тап болған әрбір адамға қажетті қолдау көрсетуде көмектесу үшін бірігеді.