Қазақстан Республикасында 2023–2024 жылдардағы эпидкезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – бұл жасына, тұрғылықты жеріне және әлеуметтік статусына байланысты болмайтын, адамның негізінен тыныс алу жолдарының зақымдануымен сипатталатын аурулардың ең жиі тараған тобы.
ЖРВИ жаппай таралатын инфекциялық аурулар болып саналады, айтарлықтай экономикалық зиян келтіреді, сондықтан адамзат үшін маңызды медициналық проблема ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық проблема да болып табылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын тұмау маусымында 1 миллиардқа жуық ауру жағдайы тіркеледі, оның ішінде ауыр жағдайлар 3-5 миллионға жетеді. Жыл сайын тұмау вирустары тудыратын респираторлық патологиядан 290 000-нан бастап 650 мыңға дейін адам қайтыс болады.
COVID-19 пандемиясы тұмаудың және жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) бүкіл тобының эпидемиялық кезеңдерінің өтуіне әсер етті, әртүрлі респираторлық инфекцияларды анықтаудың жылдар бойғы маусымдылығы мен жиілігін бұзып, ЖРВИ мен тұмаудың этиологиялық құрылымын оқыс өзгертті. Әдетте, 2019–2020 маусымындағы пандемияға дейін тұмау вирустары басым болды, ал 2020–2021 жылдары тұмау эпидемиясын зерттеудің бүкіл мерзімінде алғаш рет SARS-CoV-2 коронавирусы тұмау вирустарын айналыстан уақытша «қуды». Тұмау және басқа да ЖРВИ вирустары таралуының азаюына SARS-CoV-2-нің осы вирустармен қатар жүруінен бөлек, қатаң санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды жаппай енгізу, соның ішінде оқшаулау, халықтың жеке қорғаныш құралдарын, антисептикалық ерітінділерді қолдануы және т.б. себеп болды. 2021-2022 жылдардағы маусымнан бастап тұмау вирустарының айналыста қайта пайда болуы және ары қарай COVID-19, тұмау және басқа да респираторлық вирустардың бірге айналыста болуы байқалды.
2023-2024 эпидемиялық маусымда республика бойынша 4 262 317 ЖРВИ жағдайы (Қазақстан Республикасы халқының 21,2%-ы) тіркелді, 100 мың адамға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 22 101,2-ні құрады, бұл өткен эпидемиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 есеге жоғары. (2022–2023 жылдардағы маусым – 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 11506,9). ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесін – 60,8%-ды 14 жасқа дейінгі балалар құрады (2 607 119 жағдай). Ағымдағы эпидемиялық маусым үшін оның ерте басталуы тән, сырқаттанушылықтың маусымның басталу кезінде артуы басқа респираторлық вирустардың және SARS-CoV-2 вирусының бірге айналыста болуымен ерекшеленді, маусымның 43-ші аптасынан бастап Атұмаы вирусы айналысқа қосылды.
ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіштері тұмау вирустары мен басқа да респираторлық вирустардың қатар жүруіне байланысты 49-апта мен 52-апта арасында тіркелді тіркелді (1003,4, 1172,7, 946,1, 888,5). Ауру диагностикасының 2023–2024 жылдардағы эпидемиялық маусымы негізінен A/H3N2 типті тұмау вирусының айналыста болуымен сипатталды – 98,7% (2054 жағдай). В тұмауы және A/H1N1pdm09 вирустарының айналыстағы үлесі болмашы – сәйкесінше 1% (21 жағдай) және 0,7% болды (7 жағдай). Тұмаудың зертханалық расталған жағдайларының ең жоғары саны Қызылорда (A/H3N2-335 жағдай, В – 1 жағдай), Шығыс Қазақстан (A/H3N2-137 жағдай, A/H1pdm09 – 4 жағдай, В – 14 жағдай) облыстарында анықталды, ең аз ауру жағдайлары Ақмола облысында анықталды (A/H3N2 – 3 жағдай).
SARS-CoV-2 вирусына тексеру жүргізу кезінде 870 оң нәтижелі (30,8%) жағдай анықталды. SARS-CoV-2 вирусын жұқтырғандардың үлес салмағы Қостанай (57%), Қарағанды ​​(46,6%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (44,6%) анықталды.
Маусым басталғаннан бері республикада ЖРВИ, тұмау және COVID-19 вирустарын аралас жұқтырудың 56 жағдайы анықталды, бұл жағдайлардың 21-і (37,5%) емханаларға барған науқастарда және 35-і (62,5%) ауруханаға жатқызылған науқастарда анықталды. 16 (28,5%) жағдайда науқастардың арасында A тұмауы (H3N2) және SARS-COV-2 вирустары, 39 (69,6%) жағдайда ЖРВИ және SARS-COV-2 вирустары және 1 жағдайда (1,7%) A тұмауы (H3N2) және ЖРВИ вирустары анықталды.
2023/2024 жылдардағы эпидемиялық маусымда АЖ деректері бойынша 7 өлім жағдайы тіркелді, оның ішінде 6 жағдайда ауруханадан тыс пневмония, бір жағдайда ЖРВИ тіркелді. Өлім жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысында (6 ауруханадан тыс пневмония жағдайы, 1 жағдайда SARS-COV2 анықталды) және Астана қаласында (ауыр дәрежедегі ЖРВИ) тіркелді.
А/H3N2 тұмауы вирустарын генетикалық талдау
HA N138D мутациясы 138 позициясындағы потенциалды N-гликозильдеу сайтын жояды, бұл осы штаммның антигендік және басқа қасиеттеріне де әсер етуі мүмкін. Әдебиетте HA 138-ге баламалы позициядағы мутация антигендік дрейфпен және дәріге аз төзімділікпен байланысты екені хабарланған.
Нәтижесінде барлық зерттелген үлгілер 97,1% 3C.2a1b.2a.2a.3a.1 генетикалық клайдына жатқызылды, яғни штамдар A/Darwin/9/2021 (H3N2-like) вакцина штамына (2023–2024 жылдардағы эпидемиялық маусымның өзекті вакциналық штамына) ұқсас болды. Сонымен қатар, талдауға әлемнің әртүрлі аймақтарындағы GISAID бойынша қол жетімді репрезентативті изоляттардың және вакцина штаммдарының реттілігі қосылды.

Тұмаудың алдын алу шаралары
Вакцинация тұмаудың кез келген эпидемиясынан сенімді қорғайды. Вакцинация нәтижесінде қалыптасқан иммунитет ауруға қарсы тұра алады. Вакцинацияның мақсаты тұмауды инфекция ретінде толық жою емес, тұмаумен сырқаттанушылықты, әсіресе оның асқынуларын және одан болатын өлім-жітімді, жүрек-қан тамырлары, өкпе ауруларының және басқа да созылмалы патологиялардың асқынуын және өршуін азайту болып табылады.
Жергілікті бюджет қаржысының есебінен халықтың төмендегідей осал топтары тегін вакцинацияланады:
• медицина қызметкерлері;
• медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұратын балалар;
• алты айдан асқан әлсіз және жиі ауыратын жас балалар;
• сәбилер және балалар үйлеріндегі балалар;
• қарттар және мүгедектер үйлерінің контингенті;
• екінші немесе үшінші триместрдегі жүкті әйелдер;
• эпидемиологиялық көрсетімдер берілген азаматтар.
Қауіп-қатер топтарындағыларды вакцинациялау тұрғылықты жері бойынша емханаларда, амбулаторияларда жүргізіледі.
Сондай-ақ, вакцинация жұмыс берушілердің және халықтың өз қаржысының есебінен жүргізіледі.
«Тұмауға қарсы ақылы вакцинация халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бар жекеменшік вакцинация орталықтарында, тұрғылықты жері бойынша емханалардың екпе кабинеттерінде жүргізіледі».
Аумақтық денсаулық сақтау басқармаларында тұмауға қарсы екпе жүргізетін медициналық мекемелердің мекенжайларын білуге ​​болады.
Эпидмаусым кезінде тұмауға қарсы вакцинациядан басқа жіті респираторлық инфекциялардың алдын алудың спецификалық емес келесі қарапайым әдістер бар:
– адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға (кинотеатрларға, бала-бақшалардағы қойылымдарға және т.б.) баруды шектеу;
– үй-жайларды жиі желдету және ылғалды тазалау;
– қол гигиенасын сақтау, сүлгілерді, қолға және бетке арналған сүрткіштерді жеке қолдану;
– науқас адаммен қарым-қатынаста болған кезде және адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию;
– лимонда, қарақатта, анарда және итмұрын тұнбаларында көп мөлшерде кездесетін мультивитаминдерді, әсіресе С витаминін пайдалану;
– табиғи фитонцидтерді қолдану;
– салауатты өмір салтын сақтау (дұрыс ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, теңдестірілген тамақтану және т.б.).
Егер ауырып қалсаңыз, үйде қалып, дереу дәрігерге көрінгеніңіз және оның ұснымдарын орындағаныңыз жөн.