Сібір жарасы: жануарлар мен адамдарды зақымдайтын қауіпті инфекция

Қазақстанда сібір жарасы ауруы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге төмендеді. Биылғы жылы 17 ауру жағдайы тіркелді.

Сібір жарасы – бұл ауылшаруашылық және жабайы жануарларды, сондай-ақ адамдарды зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру, көбінесе ауыр өтеді де, өлімге әкелуі мүмкін және тері немесе генерализденген түрінде, соның ішінде септикалық, ішек және өкпе түрінде болуы мүмкін.

Сібір жарасының қоздырғышы – топырақта көп жыл сақталуы мүмкін сібір жарасы микробы. Ауру жануарлармен, олардың етімен және мал шаруашылығы өнімдерімен, сондай-ақ топырақ арқылы жанасқан кезде ауру жұғады.

Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылады, бірақ көбінесе симптомдары ауру жұққаннан кейін 3-6 күннен соң білінеді. Оларға жалпы әлсіздік, жоғары температура, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және жүрек соғысының жиілігі жатады

Адам сібір жарасымен ауыратын ауыл шаруашылығы жануарларынан (ірі қара мал, жылқы, есек, қой, ешкі, бұғы, түйе) оларға қараған кезде, оларды сойған кезде, етті мүшелегенде, сондай-ақ сібір жарасы микробының споралары себілген мал шаруашылығы өнімдерімен (жануар терісі, тері, аң терісінің бұйымдары, жүн, қылшық) жанасқан кезде ауру жұқтыруы мүмкін. Споралары көп жылдар бойы сақталуы мүмкін. Ауру жануарлардың нәжісінен және зәрінен ластанған топырақ сібір жарасы спораларын көп жыл сақтауы мүмкін және топырақ арқылы ауру жұғуы ықтимал. Споралар теріге кішкентай жарақат арқылы енеді, бұл сібір жарасының тері түрінің дамуына әкеледі. Тері түрі сібір жарасының көбінде болады (98-99 %). Аурудың карбункулезді түрі жиі кездеседі, ауыртпайтын тығыз қара қабыршық пайда болады, оның айналасында қызыл түсті айқын қабыну білікшегі пайда болады.

Сібір жарасының алдын алу үшін жеке меншік малдары бар адамдар жеке гигиена шараларын сақтауы тиіс, жануарларға екпе салдыруы керек, ауру (өлген) жануарларды ветеринариялық куәландырусыз өз бетінше соймауы қажет.

Тұрғындар санитариялық-ветеринарлық бақылау жоқ жерлерден осы мақсатта белгіленбеген жерлерде сауда жасайтын жеке тұлғалардан ет пен ет өнімдерін сатып алмауы керек. Базарлардан ет сатып алған кезде өнімнің қауіпсіздігі туралы құжаттарды (ветеринарлық қорытынды) талап ету қажет.

Мал шаруашылығы шикізатын өңдеумен, тасымалдаумен және сатумен айналысатын қызметкерлер жеке гигиена және профилактика шараларын сақтау керек.

Сібір жарасын жұқтыру қаупі ықтимал және сібір жарасы вакцинасымен профилактикалық екпе алуы қажет адамдар: тері шикізаты мен жүнді өңдеу кәсіпорындарының, ет комбинаттарының жұмыскерлері, ветеринариялық қызметкерлер, сібір жарасы қоздырғышымен жұмыс істейтін зертхана қызметкерлері.

Сібір жарасына қарсы вакцинамен жануарларға екпе салу маңызды.