10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні: жұмыс орнындағы психикалық денсаулық туралы ойлаңыз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасы бойынша 1992 жылы бекітілген Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні 10 қазанда атап өтіледі. Бұл күн халықаралық денсаулық сақтау жүйесінде психикалық денсаулық проблемалары туралы хабардарлықты арттыруға және оның алдын алудың, емдеудің және нығайтудың қол жетімді әдістеріне назар аударуға бағытталған маңызды оқиғаға айналды.
Психикалық денсаулық адамның жалпы денсаулығының негізгі элементі болып табылады. Ол күнделікті қиындықтармен күресу білу, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру, өнімді еңбек ету және қоғамға үлес қосу қабілеттерінен тұрады. ДДСҰ депрессияның жне психикалық бұзылыстардың еңбек өнімділігін төмендетуіне байланысты жыл сайын айтарлықтай экономикалық шығындарға әкелетінін хабарлайды.
2024 жылы Дүниежүзілік психикалық денсаулық күнінің тақырыбы ретінде жұмыс орнындағы психикалық денсаулық тақырыбы таңдалды және «Жұмыс орнындағы психикалық денсаулық» ұранымен өткізілді, өйткені жұмыс орнындағы қолайыз жағдай, оның ішінде стигматизация, кемсітушілік және басқа да қауіпті жағдайлар мен өндірістік факторлар, олардың психикалық денсаулығына, жалпы өмір сапасына және сайып келгенде, жұмыс істеу қабілеті мен өнімділігіне теріс әсер ете отырып, қызметкерлерге айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.
Жұмыс ортасы жиі стресске әкеледі және қызметкерлердің психикалық денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың себебі болып табылады. Балаулар бойынша 2019 жылы еңбекке жарамды жастағы адамдардың шамамен 15%-ы психикалық бұзылыстардан зардап шеккен. Дүние жүзіндегі елдер депрессия мен психскалық бұзылыстардың салдарынан жыл сайын 12 миллиард жұмыс күні жоғалтылатыны туралы бағалау жүргізілді, бұл жылына 1 триллион АҚШ доллары мөлшеріндегі өндірістік шығындарға тең.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылдың бірінші тоқсанында 15 және одан жоғары жастағы адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі 64,8 %, жұмыссыздық деңгейі 4,7 % құрады. Халық арасындағы, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық пен сапалы білімнің қолжетімсіздігі олардың психикалық денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Қызметкерлердің психикалық денсаулығы ұйымның жалпы жұмысының тиімділігінде маңызды рөл атқарады. Адам қолдау сезінетін жұмыс орны еңбек өнімділігін және қызметкерлердің өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады.
Дегенмен, стресстің жиі кездесуі, эмоционалды шаршау және келіспеушіліктер психикалық денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні аясында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) жалпы республика бойынша «Жұмыс орнындағы психикалық денсаулық» ұранымен ақпараттық науқан өткізуде.

ЖҰМЫС ОРНЫНДА ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША ҰСЫНЫМДАР:

1. Тайм-менеджментке дағдылану – уақытты дұрыс жұмсамау стресс пен эмоционалды шаршаудың себебі болуы мүмкін. Артық жүктеме сезімін азайту үшін тапсырмаларды тиімді жоспарлау және басымдық беру әдістері ұсынылады.
2. Қолдаушы орта – қызметкерлер өздерінің қиындық тудырып жүрген мәселелерін ашық айта алатындай қарым-қатынас мәдениетін құрыңыз
3. Кәсіби көмек – қиындықтарға кездескен қызметкерлерге кәсіби көмек алуларына жағдай жасаңыз.
4. Физикалық белсенділік және белсенді релаксация әдістері – үнемі дене жаттығуларымен айналысу стресс деңгейін төмендетіп, көңіл-күйді жақсартады.
5. Жетістіктерді тану және мадақтау – қызметкерлердің жетістіктерін назардан тыс қалдырмау олардың өзін-өзі бағалауын жақсартады және сенімділігін арттырады.
6. Стресске тұрақтылық бойынша тренингтер – қызметкерлерге өзін-өзі реттеу және стресс-менеджмент әдістерін үйретіңіз.
7. Қауіпсіз жұмыс ортасы – бұл физикалық қауіпсіздік, сонымен қатар психологиялық қолдау дегенді білдіреді.
8. Командалық рухты күшейту бойынша іс-шаралар – бұл қызметкерлердің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және күрделі жағдайларды төмендетуге көмектеседі.

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні – бұл проблеманың маңыздылығына назар аудару мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар әрқайсымызды әрекет етуге шақыру. Күшімізді біріктіру арқылы ғана біз әрбір адам өзінің қорғалғанын және қолдау көрсетілгенін сезіне алатын және психикалық денсаулық қоғамның барлық таптары үшін маңызды болатын ортаны құра аламыз.