ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының тренинг-орталығында Қазақстан Республикасы Санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің аумақтық бөлімшелерінің мамандары үшін 16-20 қыркүйек аралығында «Білім беру және тәрбие объектілерінің үй-жайларының ішінде және сыртында ауаның ластануы туралы деректерді жинау, құрылымдау және талдау жөніндегі әдіснама» тақырыбы бойынша біліктілікті арттырудың екінші циклі өтті.
Ұйымдастырушылар Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК және «Балалардың денсаулығы үшін салауатты орта» бағдарламасын іске асыру шеңберінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі болды.
Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі экологиялық факторлардың балалардың денсаулығына әсерін есепке алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруінің балалардың денсаулығына теріс әсерін азайту үшін денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру, сондай-ақ осы мәселені шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту болып табылады.
Біліктілікті арттыру барысында Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының дәріскерлері қоршаған ортаның сапасына мониторинг жүргізуге қойылатын халықаралық және ұлттық стандарттар мен талаптар, атмосфералық ауаның ластануы туралы деректер көздері, мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің сыртындағы және үй-жайларындағы ауаның басым ластаушылары, оларды өлшеудің оңтайлы әдістері мен шоғырланудың балалардың денсаулығына әсері туралы ақпараттарды ұсынды.
Білім беру және тәрбие мекемелерінің үй-жайларында және сыртында ауаның ластануы туралы деректерді жинау, құрылымдау және талдау әдіснамасы дағдыларына теориялық және практикалық оқыту жүргізілді. Алынған дағдылар санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті жетілдіруге және халықтың осал тобы ретінде экологиялық тәуекелдерді, сонымен қатар оған байланысты балалардың аурушаңдығын кешенді бағалауға мүмкіндік береді, өйткені балалардың денсаулығын қорғау кез келген мемлекет пен ұлттың басты міндеті болып табылады.