Ауаның ластануы туралы деректерді жинау, құрылымдау және талдау әдістемесі бойынша оқыту циклі

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінен бастап 13 қыркүйегіне дейін ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының тренинг орталығында Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің аумақтық бөлімшелері мамандарының біліктілігін арттыру бойынша бірінші цикл сәтті өткізілді. Оқу циклының тақырыбы білім беру және тәрбиелеу объектілері үй-жайларының ішіндегі және сыртындағы ауаның ластануы туралы деректерді жинау, құрылымдау және талдау әдістемесіне арналды.

Іс-шара «Балалар денсаулығы үшін салауатты қоршаған орта» бағдарламасының шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК және БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің ұйымдастырылды.

Аталған бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі экологиялық факторлардың балалардың денсаулығына тигізетін әсерін ескере отырып, санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруінің балалардың денсаулығына кері әсерін азайту үшін денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру болып табылады. Сондай-ақ, бағдарлама осы мәселені шешу үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Мамандар оқу циклының барысында қоршаған ортаның сапасына мониторинг жүргізудің халықаралық және ұлттық стандарттары мен талаптары, ауаның ластану көздері, білім беру ұйымдарының үй-жайларындағы ауаны негізгі ластаушы заттар, оңтайлы өлшеу әдістері және ластаушы заттардың жоғары концентрацияларының балалар денсаулығына әсері туралы ақпарат алды.

Білім беру және тәрбиелеу мекемелерінің үй-жайларындағы ауаның ластануы туралы мәліметтерді жинау, құрылымдау және талдау әдістері бойынша теориялық, сонымен қатар практикалық сабақтар да өткізілді. Алынған дағдылар санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті жақсартуға, экологиялық қауіптерге және халықтың осал тобына жататын балалардың осыған байланысты сырқаттанушылығына кешенді бағалау жүргізуге көмектеседі. Балалардың денсаулығын сақтау әрбір мемлекет пен қоғамның басты міндеті болып қала береді.