Көзге көрінбейтін қауіп: ауаның ластануы тыныс алу жүйесінің ауруларын қалай тудырады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша, әлемде жыл сайын ауаның ластануының салдарынан 7 миллионға жуық адам қайтыс болады, ал газданудан туындаған ауруларды емдеу жылына шамамен 1 триллион доллар шығын әкеледі.
Қазақстанда басқа органдар және ведомстволармен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға басты назар аударады. Аумақтық департаменттер мен ведомстволық бағыныстағы қызметтер атмосфералық ауаның ластану деңгейіне жүйелі түрде санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді және ауа сынамаларындағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРЕК) жоғары болуын анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізеді. Алынған деректердің негізінде ауаның сапасын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі ведомстволарға ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлейді.
Бұдан бөлек, Казгидромет және ресми медициналық статистика деректерін ескере отырып, ауаның ластану деңгейі мен халықтың сырқаттанушылық, әсіресе тыныс алу мүшелері ауруларымен сырқаттанушылық арасындағы себеп-салдарлық байланысқа талдау жүргізіледі. Қауіп-қатерлерді бағалау әдістемесіне және математикалық статистика әдістеріне сәйкес, Астана, Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Семей, Ақтау және басқа қалалар сияқты Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қалқымалы бөлшектер (шаң-тозаң), РМ2,5, РМ10 ұсақ дисперсті қатты бөлшектер, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот диоксиді, азот оксиді және озонды қосқанда, ластаушы заттардың жоғары концентрациясының сырқаттанушылықтың артуына, әсіресе тыныс алу мүшелері ауруларының қайта анықталған жағдайларының санына әсер етуінің жоғары қаупі байқалды.
Бұл заттар елді мекендердегі атмосфералық ауаның ластануына үлкен үлес қосады және адамның денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді:
Ірі қатты РМ10 бөлшектері (диаметрі 10 микрон және одан аз) өкпеге еніп, тыныс алу жолдарының шырышты қабығын тітіркендіруі, қабындыруы және зақымдауы мүмкін.
Ұсақ РМ2,5 бөлекшектері (диаметрі 2,5 микрон және одан аз) өкпе кедергісінен өтіп, ішкі ағзаларды зақымдайды да, қан айналымы жүйесіне түседі. Бұл ластаушылар жүрек-қантамыры және респираторлық аурулардың, сондай-ақ өкпе обыры мен инсульт қаупін арттырады.
Зиянды заттардың жоғары концентрациясы, тіпті қысқа мерзімде әсер етсе де, бастың ауруын, бастың айналуын, тамақтың жыбырлауын, аллергиялық ринитті, жөтелді және шырышты қабықтың тітіркенуін тудырады.
Ұшпа органикалық қосылыстар, азот және күкірт оксидтері организмде қабынуды тудырады және канцероген болып табылады, бұл жасуша мутациясын өршітеді және қатерлі ісік ауруларының даму қаупін арттырады. Азот диоксиді мен күкірт диоксиді демікпе, бронхтың зақымдануы, өкпенің қабынуы және тыныс алу жеткіліксіздігі дамуының факторлары болуы мүмкін.
Құрамында озон мөлшері жоғары түтін шырышты қабықтарды тітіркендіріп, оларды зақымдауы мүмкін. Озон демікпемен байланысты сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің негізгі факторларының бірі болып табылады.
Бұл ластаушы заттардың барлығы электр-энергетикалық қондырғылардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және көлік құралдарының жанар-жағар майды пайдалануының нәтижесінде, сондай-ақ атмосферадағы газдардың химиялық реакцияларының нәтижесінде пайда болады.

Атмосфералық ауаның ластануы тудыратын негізгі патологиялар:

Р/нөм.

Патология

Атмосфералық ауаны ластаушы заттардың болжамды тізбесі

1

Қан айналымы жүйесінің аурулары

Күкірт оксидтері, көміртек тотығы, азот тотығы, фенол, бензол, аммиак, күкіртті қосылыстар, күкіртсутек және басқ.

2

Жүйке жүйесінің және сезім мүшелерінің аурулары

Күкірт оксидтері, көміртек тотығы, азот оксидтері, хром, күкіртсутек және басқ.

3

Тыныс алу мүшелерінің аурулар

Шаң-тозаң, күкірт оксидтері, азот оксидтері, көміртек тотығы, күкіртті ангидрид, фенол, аммиак және басқ.

Атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін факторлар:
1. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың, көмірмен жағылатын ЖЭО, қазандықтардың шығарындылары.
2. Тұрғын үйлердің жылыту үшін қатты және сұйық отындарды пайдаланатын пештерінен шығатын шығарындылар.
3. Бензин және дизель қозғалтқыштары бар, әсіресе ескірген, пайдаланылатын газдардың деңгейі жоғары автокөлік.
4. Белгілі бір метеорологиялық жағдайлар, мысалы, ұзақ уақыт бойы жел немесе жауын-шашын болмайтын тұрақты антициклон.
5. Елді мекендердің ауа ағындарына кедергі келтіретін ойпаттар мен алқаптарда географиялық орналасуы.
Өнеркәсіптік шығарындыларда ауыр металдарды, аммиакты, көмірсутектерді және басқа да заттарды қосқанда, әр кәсіпорынға тән өзге де әртүрлі химиялық ластағыштардың болуы мүмкін. Ауаның ластануына жылу энергетикасы, қара және түсті металлургия кәсіпорындары, көмір өнеркәсібі, сондай-ақ мұнай және газ өндіру және мұнай және газ өңдеу өнеркәсібі көп зиян келтіреді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет деректері бойынша атмосфераға өндірістік объектілер жіберетен шығарындыларда 116 түрлі ингредиент болады: қауіптілігі I-II класына жататындар – 40 зат (2023 жылдың 1-жартыжылдығында – 1-121, о.і. қауіптілігі I-II класына жататындар – 1-37).
Бұл заттардың ең көп мөлшері Шығыс Қазақстан (116 ингредиент), Павлодар (109), Қостанай (80), Атырау (74), Ақтөбе (63) және Батыс Қазақстан (59) облыстарындағы кәсіпорындардың шығарындыларында кездеседі.
2024 жылдың 1-жартыжылдығында атмосфералық ауаның 320 мыңнан астам сынамасы алынды, бұл 2023 жылғы 2-тоқсанмен салыстырғанда (130 мыңнан астам сынама) 2,3 есеге көп, оның ішінде 4305 сынамада немесе олардың 1,3%-ында шекті рұқсат етілген концентрацияның (ШРЕК) жоғары болуы анықталды. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға аз (2023 ж. 1-жарт. – 2300 немесе 1,7%). Алматы, Астана қалаларының және Абай облысының атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациялары республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары болуы байқалды.

Ластанған ауадан қорғану бойынша халыққа арналған ұсынымдар:
1. Үй-жайларды үнемі ылғалды тазалауды және желдетуді жүргізу қажет. Ауа тазартқыштар мен ылғалдандырғыштарды пайдалану керек және үйіңіздің айналасын көгалдандырған дұрыс.
2. Метеорологиялық қызмет хабарлайтын, ауаның ластануы жоғары болған күндері терезелерді мықтап жабу керек.
3. Шаңды және ластанған жерлерде жұмыс істеген кезде тыныс алу мүшелерін қорғайтын құралдарды қолдану қажет.
4. Серуендеу үшін жасыл желектер мен су ағындары көп жерлерді таңдау керек, көлік жүретін жерлерден тысқары серуендеген дұрыс.
5. Салауатты өмір салтын ұстану қажет, иммунитетті күшейтіп, витаминдер мен микроэлементтерді пайдалану керек.
Атмосфералық ауаның ластануы халық денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сақтық шараларын қабылдау және ауаның сапасын жақсарту бойынша кешенді жоспарларды енгізу организмге кері әсер етуді азайтуға және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға көмектеседі.