Полиомиелит (балалардағы жұлынның сал ауруы) – 1, 2 және 3 типтегі полиомиелит вирустары тудыратын жіті жұқпалы ауру. Ол сал ауруына әкелетін жүйке жүйесінің (негізінен жұлын мен мидың сұр заты) зақымдалуымен, сондай-ақ ішек инфекциясы немесе жіті респираторлық ауру түрінде өтетін ішек пен мұрын-жұтқыншақ шырышты қабығының қабыну өзгерістерімен сипатталады. Полиомиелит жоюға шешім қабылданған екінші инфекция болып саналады.
Жұқпалы ауруды жоюға болатын негізгі төрт фактор бар:
1) қоздырғышы тудыратын инфекцияны басқа аурулардан ажыратуға мүмкіндік беретін аурудың типтік клиникалық көрінісі;
2) клиникалық көріністерсіз тұрақты немесе “үнсіз” инфекцияның болмауы;
3) жануарлар арасында қоздырғыштардың табиғи резервуарының болмауы;
4) тиімді вакцинаның болуы.
Полиомиелит осы талаптардың барлығын қанағаттандырады.
Полиомиелитті жою бағдарламасында негізгі стратегиялар айқындалды:
1) профилактикалық егулермен, ең алдымен бір жастағы балаларды профилактикалық егумен қамтудың жоғары (95% -дан төмен емес) деңгейіне қол жеткізу және қолдау.
2) Ұлттық иммундау күндерінде соңғы уақытқа дейін эндемиялық немесе бұрынғы эндемикалық елдерде жаппай егу науқанын жүргізу.
3) қолайсыз аумақтарда қосымша “тазартатын” иммундау жүргізу.
4) 15 жасқа дейінгі балалардағы барлық жіті сылбыр сал (ЖСС) жағдайын міндетті вирусологиялық тексере отырып, осы жағдайларды тиімді эпидемиологиялық қадағалау жүйесін құру және оның жұмыс істеуі.
ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының вирустық инфекцияларды бақылау референс-зертханасы (бұдан әрі – ВИБРЗ) полиомиелитті жою бағдарламасын орындауда шешуші рөл атқарады. Жіті сылбыр сал ауруын тек полиовирус қана тудырмауы мүмкін болғандықтан, барлық күдікті жағдайлар вирусологиялық тексеруден өтуі тиіс. ЖСС-мен ауыратын науқастар және олармен қарым-қатынаста болғандар, полиомиелит бойынша эндемиялық аумақтардан келген босқындар, «тыныш аумақтардағы» дені сау балалардың нәжіс сынамаларын және қан сарысуын зерттеу вирусологиялық тексеруге жатады. Нәтижелерді растау және оларды вакциналық немесе жабайы нұсқалар тобына жатқызу үшін полиовирустардың бөлінген штаммдары ПТР әдісімен түрішілік дифференциациялау арқылы зерттеледі.
ВИБРЗ полиомиелит диагностикасы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жаһандық зертханалар желісіне кіреді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (Копенгаген қ., Дания) аккредиттеуден өткізген, бұл ДДҰ-ның ресми түрде мойындағанын айғақтайды.
ВИБРЗ мынадай жұмыс түрлерін жүргізеді:
• полиомиелиттен таза ел мәртебесін сақтау жөніндегі Ұлттық бағдарламаның және ДДҰ «Еуропа өңірінде полиомиелитті жою» бағдарламасының шеңберінде жіті сылбыр сал симптомдары бар науқастарды және олармен қарым-қатынаста болғандарды зертханалық қадағалау;
• қоршаған орта объектілеріндегі полиовирустар мен басқа энтеровирустардың айналымын зертханалық қадағалау;
• Полиомиелитті диагностикалау жөніндегі аймақтық зертханалар желісіне (LDMS) полиомиелит бойынша деректерді апта сайын енгізу;
• Энтеровирусты инфекциялардың бойынша сапаны сыртқы бағалаудың ұлттық бағдарламасы;
• ДДҰ-ның энтеровирусты инфекциялар бойынша вирусологиялық әдіспен зерттеу сапасын сыртқы бағалауына қатысу;
• ДДҰ-ның энтеровирусты инфекцияларды ПТР әдісімен түрішілік дифференциациялау (ТІД) бойынша зерттеу сапасын сыртқы бағалауына қатысу;
• 2022 жылдан бастап зертхана Полиомиелитті жаһандық жою бағдарламасының шеңберінде полиовирустарды түрішілік дифференциациялау (TІД) бойынша Халықаралық ССБ бағдарламасына қатысады және TІД жүргізуге аккредитация алады.
• полиомиелитті және басқа энтеровирусты инфекцияларды диагностикалаудағы вирусологиялық әдістер бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау институтымен (Нидерланды) ынтымақтастық жасайды;
2022 және 2023 жылдары республика бойынша ЖСС симптомдары бар 169 науқас тіркелді.
ЖСС симптомдары бар науқастардан алынған үлгілерді зерттеу кезінде вирустық инфекцияларды бақылау референс-зертханасы 1 типтегі полиовирустың екі штамын, 1 және 3 типтегі полиовирустар қоспасының екі штамын, төрт полиоемес энтеровирусты бөлді, сондай-ақ науқастармен қарым-қатынаста болғандардан бөлінген екі полиоемес қ
энтеровирусты анықтады. Нәтижелерді растау мақсатында ВИБРЗ базасында түрішілік дифференциациялау (2022 жылдан бастап ТІД жүргізуге аккредиттелген) арқылы полиовирус изоляттары зерттелді. Зерттеу нәтижелері бойынша штаммдар Сэбина вакцина штаммдарына жатқызылды.
Полиомиелит пен жіті сылбыр сал ауруын эпидемиологиялық қадағалау шеңберінде қоршаған орта объектілерінде (ағынды су) полиовирустар мен басқа (полиоемес) энтеровирустардың айналымына бақылау жүргізіледі. Республика бойынша ағынды судың 529 сынамасы вирусологиялық әдіспен зерттелді, оң нәтижелер анықталмады.