Қазақстандағы ДДҰ «Салауатты жұмыс орындары» жобасы

Жұмыс істейтіндердің денсаулығы, қауіпсіздігі және әл-ауқаты –барлық елдердегі жүздеген миллион адам үшін өзекті мәселе. Бұл ретте бұл проблема жеке адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің мүдделерінен асып түседі. Бұл еңбек өнімділігі, кәсіпорындардың, салалардың, ұлттық және аймақтық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы туралы сөз болғанда өте маңызды болады.
Қазақстанда 2020 жылғы статистика деректері бойынша кәсіпорындардың зерттеп-қаралған 1,6 млн. қызметкердің 396 мыңы немесе әрбір төртінші жұмыскер, яғни 22%-ы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін 9 млн. тұрғын бар, олардың ішінде 80% -ға жуығы жалдамалы жұмыскерлер. Жұмыс берушілердің өздері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру мәселесіне ерекше мән береді.
2002 жылдан бастап ДДҰ “Қазақстандағы салауатты жұмыс орындары” жобасы енгізілуде, ол әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесіне негізделген және жұмыс істейтін адамдардың салауатты, қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және денсаулықты нығайтуға және қорғауға ықпал ететін әдістердің кәсіпорынды басқару саясатының ажырамас бөлігіне айналуын қамтамасыз ету үшін қажет. Жобаны іске асыру еңбекшілердің денсаулығын нығайтуға және сақтауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоршаған қоғам мен қоршаған ортаға жақсы әсер етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы аурулардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті адамдарға тиесілі. Соның нәтижесінде, жұмыс қабілеттілігі төмен, еңбекке жарамсыздық парақтары жиі ресімделеді, ерте зейнетке шығады, сондай-ақ еңбекке қабілетті адамдар арасында өлім-жітім жоғары болады. Адамдардың қартаюы және еңбекке қабілетті жастағы адамдар үлесінің төмендеуі қоғам мен экономиканың тұрақты дамуы үшін үлкен қауіп болып саналады, сондықтан бұл қауіптердің алдын алу, жұмыс күшінің әлеуетін арттыру және адамдардың қартайғанға дейін еңбекке қабілеттілігін сақтау өте маңызды.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы салауатты жұмыс орны денсаулықты сақтауға және нығайтуға, өндірістік аурулар мен жарақаттардың алдын алуға ғана емес, жалпы адамдардың денсаулығын бағалауға және жақсартуға ықпал ететін орын ретінде қарастырылады.
Физикалық өндірістік ортадағы іс-қимылдан өмір салтын, мінез-құлықты, денсаулықты сақтау мен жақсартуға деген көзқарасты қоса алғанда психоәлеуметтік ортадағы іс-қимылға баса назар аударылады, бұл жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өздерінің өзара тығыз байланысын талап етеді.
ДДҰ сарапшыларының пікіріне және ірі компаниялардың тәжірибесін талдауға сәйкес “Салауатты жұмыс орындары” жобалары мыналарға бағытталған шараларды біріктіруі керек:
1) еңбекті қорғау және өндірістік медицина жауапкершілігі саласында болатын қауіпсіз физикалық өндірістік ортаны қамтамасыз ету;
2) медициналық көмектің қолжетімділігін тек төтенше жағдайлар кезінде ғана емес, сонымен қатар кәсіптік қана емес, негізгі созылмалы аурулардың профилактикасы жөніндегі шараларды қоса отырып, жоспарлы режимде де арттыру;
3) ұйымдағы психоәлеуметтік ортаны сауықтыру, жұмыскерлердің жеке әлеуетін арттыру, зиянды мінез-құлықтан болатын зиянды азайту, белсенділікті арттыру және денсаулықты сақтауға деген ұмтылыс;
4) компания басшылығының денсаулықты нығайту мен сақтау мүмкіндігін (өндірісте, тұрмыста, сондай-ақ қатысу аумағында) ықпал ететін және қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға жауапкершілігін арттыру.
Жұмыскерлердің денсаулығын нығайту – корпоративтік денсаулықты ғана емес, сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілік факторын да қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Жұмыс беруші жағдай жасап, мүмкіндіктер ұсына алады. Әрине, ұсынылған барлық мүмкіндіктердің ішінен адам өзіне ең қолайлысын таңдайды. Жұмыскер үшін денсаулықты нығайту бағдарламасы денсаулық мәселелері жөніндегі консультанттың көмегімен өзінің өмір салтын талдай алатын кезде біртұтас жүйеге айналады, осылайша денсаулықты нығайту бойынша таңдалған іс-шаралар оның жеке басына және жағдайына сәйкес келетін жұмыс істеу кешенін құрайды.
Қазақстанда қолайсыз еңбек жағдайларын сақтау елеулі экономикалық шығындарға әкеп соғады. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша жыл сайын республикадағы 600 мыңнан астам жұмыскер жұмыс беруші мен сақтандыру компанияларының қаражаты есебінен қосымша демалыс, жұмыс күнін қысқарту, зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеу, сүт беру және емдік-профилактикалық тамақтандыру түрінде өтемақы алады.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, 2024 жылдың 1 -жартыжылдығында Қазақстанда “Салауатты жұмыс орындары” жобасы 40 ұйымда жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері мен қоғамдық денсаулық сақтау мамандары жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу, мінез-құлық қауіп факторлары, репродуктивті денсаулық, ұтымды тамақтану, дене белсенділігі, денсаулық дағдылары мен білімді игеру арқылы жұмыскерлердің физикалық, психикалық және әлеуметтік денсаулығын сақтау және жақсарту бойынша және салауатты өмір салтын насихаттау жөнінде іс-шаралар өткізді. Барлығы 32 911 адам қатысып, 19257 ақпараттық-танымдық материал таратылды.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің бас маманы Алиева Айымкүл Құттымұратқызы: «Салауатты жұмыс орындары» жобасын енгізе отырып, әрбір жұмыс беруші өз жұмыскерлерін мыналармен:
1. Қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларымен;
2. Тұрақты медициналық тексерулермен және медициналық көмекке қолжетімділікпен;
3. Тірек-қимыл аппараты ауруларының даму қаупін азайту үшін эргономикалық жабдықтармен және жиһаздармен;
4. Еңбекті қорғау және аурулардың алдын алу қағидалары бойынша оқытумен және тренингтермен;
5. Стрессті басқару және психикалық әл-ауқатты жақсарту үшін психологиялық қолдау көрсетумен және ресурстармен қамтамасыз етуі тиіс.
Жұмыскерлердің қауіпсіз салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қоғамның табысты дамуының негізі болып табылады. Әрбір жұмыс беруші кәсіпорын жұмыскерінің денсаулығына жауапты болуы керек,» – деп атап өтті.