Маймыл шешегі (mpox) – маймыл шешегі вирусынан туындайтын вирусты ауру, Poxviridae тұқымдасына жатады, бұл ауруды алғаш рет 1958 жылы анықтады. Вирустың таралуы бойынша эндемиялық елдерге Габон, Гана, Конго ДР, Камерун, Кот-д ‘ Ивуар, Либерия, Нигерия, Конго Республикасы, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Республикасы жатады.
2024 жылы 14 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) эпидемиологиялық ахуалдың, әсіресе Африка елдерінде эпидахуалдың нашарлауы аясында Mpox вирусының (маймыл шешегі) өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Жақында Африканың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары да континентте маймыл шешегі ауруының көбеюіне байланысты төтенше жағдай жариялады.
ДДҰ маймыл шешегін 2022 жылы шілдеде халықаралық ауқымдағы төтенше жағдай деп таныды, алайда 2023 жылы мамырда жағдайдың тұрақтануына байланысты төтенше жағдайды жойды. Соңғы айларда жағдай нашарлады, бұл төтенше жағдай режимінің қайта оралуына әкелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы маусымға дейін әлемде маймыл шешегін жұқтырудың 99 176 жағдайы тіркелді, оның 208-і өліммен аяқталды. Негізгі таралу аймақтарына Африка, Еуропа және Америка кіреді.
Әсіресе, Африкадағы жағдай алаңдатушылық тудырып отыр, онда жаңа жағдайлардың өршуі байқалады. Африканың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының деректері бойынша, 2022 жылдың басынан бері Африка одағының 15 елінде 37,583 жағдай тіркеліп, маймыл шешегінен 1,451 адам қайтыс болған. 2024 жылы ауру жағдайының саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 160% -ға өсіп, 14,250 жағдайға жетті. Негізгі таралу ошағы Конго Демократиялық Республикасы болып қала береді, онда 13,791 жағдай тіркеліп, 450 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, Нигерияда, Камерунда және Оңтүстік Африкада ауру жағдайының айтарлықтай өсуі байқалады. Аурудың өсуі диагностиканың жеткіліксіздігімен, мониторингтің әлсіздігімен және АИТВ сияқты басқа инфекциялардың болуымен түсіндіріледі, бұл ахуалға бақылау жасауды қиындатады.
Маймыл шешегі вирусы ауру жұқтырған жануарлармен (атап айтқанда, тышқан және тиін сияқты кеміргіштермен) жанасу немесе ауру жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болу арқылы жұғады. Негізгі берілу жолдары:
- Жанасу: ауру жұқтырған адамның терісіне жанасқан кезде немесе ауыздың, мұрынның, көздің немесе жыныс мүшелерінің шырышты қабаттары арқылы.
- Ауа тамшылары: сөйлескенде, жөтелгенде немесе тыныс алу кезінде сілекей тамшылары арқылы.
- Тұрмыстық байланыс: киім, төсек-орын, сүлгі және ыдыс-аяқ сияқты ластанған заттарды қолдану арқылы.
- Жыныстық: ауру жұқтырған серіктеспен сексуалдық қатынас кезінде.
- Тікелей: анадан ұрыққа жұғады.
Вирустың симптомдары инфекция жұққаннан кейін 5-21 күн өткен соң пайда болады және қызба, бас ауруы және бұлшықет ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, шаршау, қалтырау болады және теріде желшешек бөртпелеріне ұқсас көпіршіктер пайда болады.
Жұқтыру қаупін азайту үшін мынадай сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
- Ұқсас симптомдары бар (бөртпе, көпіршік, қызба және т.б.), әсіресе жақында эндемиялық аймақтардан келген адамдармен жақын қарым-қатынаста болуды азайтуға тырысыңыз.
- Ауру жұқтырғандарға күтім жасау кезінде қорғаныс құралдарын қолданыңыз.
- Бетперде тағыңыз және теріге, бөртпелерге қол тигізуден аулақ болыңыз.
- Ауру жұқтырған адамның қолданылуы мүмкін заттармен (киім, төсек-орын, сүлгі) жанасудан аулақ болыңыз.
- Қол гигиенасын сақтаңыз: қолды үнемі сабынмен жуыңыз немесе антисептиктерді қолданыңыз.
- Жанасатын беткейлерді өңдеңіз.
- Симптомдар байқалған кезде, инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін басқа адамдармен қарым-қатынаста болудан аулақ болыңыз және дереу медициналық көмекке жүгініңіз.
- Жыныстық жолмен инфекцияның берілу қаупін азайту үшін презервативтер мен контрацепцияның басқа тосқауыл әдістерін қолдану ұсынылады.
- Вакцинация жұқтыру қаупі жоғары адамдарға, соның ішінде медицина қызметкерлеріне және қаупі жоғары аймақтарға жиі баратын адамдарға ұсынылуы мүмкін.
Эндемиялық аймақтарға барған кезде абай болыңыздар және барлық сақтық шараларын сақтаңыздар:
– Басқа елге барар алдында сол аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы ақпаратты тексеріп алыңыз. Бұл сізге ықтимал қауіптерден хабардар болуға және қажетті сақтық шараларын қолдануға көмектеседі.
– Егер үйге келгеннен кейін 21 күн ішінде бөртпе, қызба, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ұлғаюы сияқты симптомдар байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз.
– Медициналық мекемеге барған кезде дәрігердің дұрыс диагноз қойып, тиісті ем тағайындауы немесе зерттеп-қарауы үшін қайда болғаныңызды және кіммен қарым-қатынаста болғаныңызды міндетті түрде хабарлаңыз.