Дүниежүзілік бала емізу апталығы жыл сайын 1-7 тамыз аралығында ДДҰ, ЮНИСЕФ және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ азаматтық қоғам серіктестерінің қолдауымен өткізіледі. 2024 жылғы науқанның тақырыбы – “Олқылықтарды толтыру: бала емізуге жан-жақты қолдау көрсету”.
Бала емізу – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы, бұл бағдарламаны 170 ел, оның ішінде Қазақстан да қабылдаған. Алғашқы бала емізу апталығы 1992 жылы өтті.
Бала емізу – баланың денсаулығы мен өмір сүруін қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Дегенмен, ДДҰ ұсынымдарына қарамастан, 6 айға дейінгі нәрестелердің жартысынан аз бөлігі тек ана сүтін емеді.
Нәрестелерді туғаннан бастап 23 айға дейін тұрақты емізу жыл сайын дүние жүзіндегі 820 мың баланы түрлі аурулардан құтқаруға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында бала емізуге үлкен мән беріледі. Бала емізу – ананың баламен эмоционалды байланысын күшейтетін, жалпы баланың психофизикалық дамуына қолайлы әсер ететін маңызды процестердің бірі.
Болашақ аналарды бала емізуге дайындау әйелдің жүктілік кезеңінде оның денесінің физиологиялық өзгерістерін, баланы кеудеге салу тәсілдерін және жалпы тамақтандыру қағидаларын түсіндіруден басталады. Бала емізудің артықшылықтарына қарамастан, Қазақстанда 6 айға дейінгі сәбилердің тек 37.8% – ы ғана емшек емеді.
Баланы ерте емізбеу респираторлық аурулардың, гипотермияның, диареяның және жұқпалы аурулардың туындауына себеп болады.
Қазақстанда бала емізуден бас тарту себептеріне, негізінен, мыналар жатады: МСАК медицина персоналы тарапынан аналар мен жүкті әйелдерге жеткілікті түрде дұрыс және сауатты консультация бермеу; сәбиді кеудеге дұрыс салмау техникасы тері қабатының бүтіндігінің бұзылуына әкеледі, бұл жаңа туған нәрестені емізгенде ауырсынуды сезінуге және баланы емізуден бас тартуға әкеледі; фармацевтика компанияларының тарапынан жасанды қоспаларды насихаттау; баланың өсуі мен дамуына ана сүтінің маңыздылығын түсінбеу.
Дүниежүзілік бала емізуді қолдау және ынталандыру апталығы нәрестенің ана сүтімен қоректену құқығын қорғауға, сондай-ақ жүкті әйелдер мен жас аналарға бала емізу қажеттілігін түсіндіруге шақырады.
Науқан аясында бала емізетін аналарға барлық емізу кезеңдерінде қолдау көрсетуге, отбасы, қоғам және денсаулық сақтау жүйесі әрбір бала емізетін ананы қолдауға қалай үлес қоса алатыны туралы ақпарат беруге шақыра отырып, бала емізетін аналарға жан жақтан назар аударылады.