Жыл сайын 28 шілдеде Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды сын-тегеуріндердің бірі – вирустық гепатитке назар аударуға арналған. Биылғы жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған жаңа деректер мен стратегиялар тұрғысынан, біз гепатиттің алдын алу, диагностикалау және емдеу маңыздылығына тағы да тоқталамыз.
ДДҰ жариялаған 2024 жылғы гепатит бойынша Жаһандық баяндамаға сәйкес, бұл аурудан зардап шеккендердің саны үнемі өсіп келеді. Гепатит туберкулезден кейінгі өлім саны бойынша жұқпалы аурулар арасында әлемде екінші орында тұр. Жыл сайын гепатит 1,3 миллион адамның өмірін қияды – бұл жұқпалы аурулар арасындағы өлімнің негізгі себебі болып табылатын туберкулезбен бірдей болып тұр.
Гепатит бойынша Дүниежүзілік саммитте ұсынылған баяндамада диагностика мен емдеу құралдарының жақсаруына, сондай-ақ медициналық өнімдердің арзандауына қарамастан, тестілеумен және емдеумен қамту көрсеткіштерінің өспейтіні атап көрсетілген. Алайда, егер қазір жедел шаралар қабылданса, ДДҰ-ның 2030 жылға қарай гепатитті жою мақсаты әлі де қолжетімді болып қала береді.
Гепатит – бұл А, В, С, Д және Е гепатиті вирустарынан туындаған бауырдың қабынуы. Бұл вирустар берілу механизмі, клиникалық көріністері және денсаулыққа тигізер салдары жағынан ерекшеленеді:
• А және Е гепатиті бұзылған тамақ пен ластанған су арқылы жұғады.
• В, С және Д гепатиттері қан және басқа биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады.
Вирустық гепатиттер циррозға және бауыр қатерлі ісігіне әкелетін жіті және созылмалы бауыр ауруларын тудыруы мүмкін.
2024 жылғы ДДҰ пайымдауынша, бүкіл әлемде шамамен 354 миллион адам созылмалы В және С вирустық гепатиттерінен зардап шегеді. Жыл сайын тағы 3 миллион адам гепатиттің осы түрлерімен ауырады. Олардың көпшілігі өздерінің аурулары туралы білмейді, өйткені гепатит, көбінесе, симптомсыз өтеді. Бұл кең ауқымды скринингтік бағдарламалар мен ақпараттық науқандарды жүргізу маңыздылығын арттырады.
Қазақстанда үстіміздегі жылы халықтың гепатитпен сырқаттанушылығының айтарлықтай өсуі байқалады. Үстіміздегі жылдың 6 айында барлығы 1859 жағдай тіркелді, оның 37% – ға жуығын (689 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалар және 11%-ын жасөспірімдер (197 жағдай) құрайды.
ДДҰ Қазақстанды гепатитке қарсы күресте Орталық Азия мен ТМД-дағы көшбасшылардың бірі ретінде таныды. Елімізде вирустық гепатиттердің алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде:
• Вакцинация: 1998 жылдан бері Қазақстанда балалар өмірінің алғашқы күндерінен бастап В гепатитіне қарсы егу бағдарламасы жұмыс істейді. Сондай-ақ 2000 жылдан бастап балаларды А вирустық гепатитіне қарсы егу енгізілді, бұл халық арасында сырқаттанушылықтың айтарлықтай төмендеуіне әкелді.
• Емдеу: С гепатитін емдеу тұрғылықты жері бойынша тегін жүргізіледі. 2018 жылдан 2022 жылға дейін 30 мыңнан астам пациентті С гепатиті вирусынан сақтап қалды. • Скринингтік зерттеулер: гепатологиялық орталықтарда ауруларды уақтылы анықтау және емдеу үшін тұрақты скрининг жүргізіледі.
2023 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласында 10 000 адамды қамтитын В және С вирустық гепатиттерін жою жөніндегі пилоттық бағдарламаны іске қосты. Бұл жоба жалпыға бірдей скринингті әзірлеуге және енгізуге бағытталған, бұл цирроз бен бауыр қатерлі ісігінен болатын өлімді азайтып, вирустық гепатиттерді уақтылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні – бұл денсаулыққа қауіп төндіретін өте ауыр ауруға қарсы күресте ұжымдық күш-жігердің маңыздылығы туралы еске салу. Сіздің қолдауыңыз бен қатысуыңыз өмірді сақтап қалуы мүмкін. Гепатиттерді жою және бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығын жақсарту үшін қадамдар жасау үшін осы маңызды күні бізге қосылыңыздар.