2024 жылы 19 шілдеде ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бойынша жедел орталығы (бұдан әрі – Жедел орталық) Тараз қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жамбыл облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің базасында «Сібір жарасын тіркеу жағдайларына дайындық және ден қою» тақырыбында семинар-тренинг өткізді, бұл шара сібір жарасы анықталған жағдайда жедел және тиімді ден қоюға дайындықты арттыру үшін жауапты қызметтер арасында команда беру, бақылау және өзара іс-қимыл тетіктерін тексеруге бағытталған.
Тренингті ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК мен АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша жұмыс жоспарын орындау аясында Жедел орталық қызметкерлері өткізді. Іс-шараға Жамбыл облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Ұлттық сараптама орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалының, облыстық аумақтық инспекцияның, Республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалының, Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың Жамбыл филиалының, “Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты” ЖШС филиалының “Жамбыл ветеринариялық ғылыми-зерттеу станциясының” өкілдері, сондай-ақ аудандық бөлімшелердің мамандары онлайн форматта қатысты.
Семинарда эпидемиология, сібір жарасын диагностикалау және емдеу әдістері, дезинфекциялық және карантиндік шаралар, сондай-ақ сібір жарасын эпидқадағалау, диагностикалау және емдеу саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды. Семинардың практикалық бөлігі ауру жануардың тері шикізаты мен жүнін өткізумен байланысты сібір жарасы жағдайы симуляциясымен үстел үсті жаттығуы түрінде өткізілді. Оқу-жаттығу соңында жағдайды тіркеуден бастап ошақты жоюға және оның жабылуына дейін сібір жарасын эпидқадағалаудың барлық процесін қамтып, жауапты қызметтер арасында команда беру, бақылау және өзара іс-қимыл тетіктері ойдағыдай тестілеуден өтіп, пысықталды.
Қазақстанда жыл сайын сібір жарасы жағдайы тіркеледі, сондықтан мұндай іс-шаралар қызметтер мен мамандарды даярлаудың маңызды бір бөлігі болып саналады.