Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Ельмира Құрбанбекова «А» гепатитінің қауіпті салдары және осы инфекциядан қалай қорғану керектігі туралы айтып берді.
«А» вирусты гепатиті – бұл вирустың көзі науқас адам (инфекцияны жұқтырған) болып табылатын жедел инфекциялық ауру. Гепатиттің қоздырғышы – вирустардың ішек тобына жататын вирус. «А» гепатитінің асқынуы бауыр қызыметінің бұзылуына әкеледі.
Қазақстан Республикасында 2024 жылдың басынан бастап 6 ай аралығында барлығы 1762 жағдай тіркелді. Оның ішінде 674 жағдайды 14 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар құрайды, бұл ауру бір жасқа дейінгі балаларда мүлдем кездеспейді. Жалпы бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 48,2% өскенін көрсетеді.
Республика бойынша аурушаңдық жағдайы Алматы облысы (201), Қызылорда (116), Түркістан (96), Қарағанды (97), Жамбыл (82), Жетісу (77) облыстарында және де Алматы (389), Астана (147), Шымкент (138) қалаларында жоғары.
Вирус ағзаға ішек инфекцияларына тән әртүрлі жолдармен: су, тамақ және тұрмыстық байланыстар арқылы енуі мүмкін. Таралу факторларына су, лас қолдар, тамақ және вируспен ластанған басқа да заттар (тағамдар, көкөністер, жемістер, жидектер, аскөк шөптері) жатады.
«А» гепатиті вирусының берілудегі негізгі механизмі фекальды-ауыз арқылы болып табылады, онда инфекция жұқтырған адамның нәжісімен ластанған тағамды немесе суды тұтыну нәтижесінде пайда болады. Ауру сапасыз сумен немесе тамақ өнімдерінің ластануымен, нашар санитариямен және жеке гигиенамен тығыз байланысты. Жұқтыру тұрмыстық ағынды сулармен ластанған су қоймаларында шомылу кезінде пайда болуы мүмкін. Негізгі эпидемиологиялық маңыздысы сарғаюсыз, жойылған және де субклиникалық ағымдық нұсқалары бар адамдар болып табылады.
Вирус бауырды зақымдайды, вирустық бөлшектер асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаты арқылы сіңіп, жалпы қан айналымы жүйесіне енеді, содан кейін қан ағымымен бауырға еніп, оның қызметін бұзады.
Вирус сау адамның денесіне енгеннен кейін «А» гепатиті кезінде 14-тен 35 күнге дейін созылатын жасырын инкубациялық кезең өтеді. Содан кейін аурудың көрінісі басталады: дене қызуы көтеріледі, бас ауруы пайда болады, тәбеті төмендейді, жүрек айнуы, құсу байқалады. Науқастардың көпшілігінде катаральды симптомдар, жұтқыншақтың қызаруы байқалады. Зәрдің түсі қоюланып, сыраның түсіндей болады, ал нәжісі керісінше ағарады.
«А» гепатиті вирусы науқастың сарғаю пайда болғанға дейін, яғни сарғаюға дейінгі кезеңде дәретімен шығарыла бастайды. Аурудың дәл осы кезеңінде науқастар айналасындағылар үшін ең қауіпті болып табылады. Сарғаю кезеңінің пайда болуымен (склера мен терінің сарғаюы) вирустың бөлінуі күрт азаяды да, жұқпалылығы тез төмендейді. Ауырғаннан кейін тұрақты, өмір бойына иммунитет қалады.
Өзіңізді вирустық «А» гепатитінен қорғау үшін:
– жеке бас гигиенасын сақтау, дәретханаға барғаннан кейін, тамақтанар алдында, жұмыстан, серуендеуден оралғанда қолды жуу;
– ашық су қоймаларынан суды ішуге және де жемістер мен көкөністерді жууға пайдаланбаңыз;
– жемістер мен көкөністерді ағынды сумен жуу;
– шомылуға арналмаған су айдындарында шомылмау;
– адамдар орналасқан үй-жайларды: үйді, жұмыста, қоғамдық тамақтану, сауда, коммуналдық, өнеркәсіптік үй-жайларды таза ұстау;
– экзотикалық тағамдарды, әсіресе шикі устрицаларды, мидияларды және басқа ұлуларды тұтынудан аулақ болыңыз.
«А» вирустық гепатитінің алдын алу үшін арнайы профилактикалық шара – вакцинация.
Вакцинациялауға жататындар:
1) екі жасқа толған балалар;
2) «А» вирустық гепатиті ошақтарындағы он төрт жасқа дейінгі, алғашқы екі аптада қарым-қатынаста болған адамдар.
Сонымен қатар, «А» гепатиті эндемиялық елдерге (Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы елдері) туристік сапарға шыққанда, «А» гепатитіне қарсы вакцинация алынады.