Туберкулез бүкіл әлемге кең таралған ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып саналады және барлық жастағы адамдарға жұғады.
Жыл сайын дүние жүзінде 10 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады, соның ішінде 1 миллионнан астам адам осы аурудан қайтыс болады.
ДДҰ мәліметтері бойынша, 2022 жылы әлемде туберкулезбен ауыратын 10,6 миллион жағдай тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларға 1,3 млн. жағдай тиесілі болды. Туберкулезден 1,3 миллион адам қайтыс болды.
Өлім-жітім бойынша туберкулез жұқпалы аурулардан болатын өлімге апаратын себептердің екіншісі болып тұр, бұл ретте туберкулезден болатын өлім көрсеткіші АИТВ-инфекциясы мен ЖИТС-тен де жоғары.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) шеңберінде денсаулыққа байланысты міндеттердің бірі – 2030 жылға қарай әлемдегі туберкулез індетін тоқтату.
Қазақстан Республикасында туберкулезбен сырқаттанушылық көп жыл бойы өзекті мәселе болып отыр. Бұл ретте, соңғы жылдары дәрілік препараттарға көптеген дәріге төзімді туберкулез еліміз үшін үлкен проблемаға айналуда, осы сырқаттанушылық бойынша республика осы инфекция түрінің ауыртпалығы жоғары елдердің жаһандық тізіміне енді.
2023 жылы республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2022 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға төмендеді, 100 мың адамға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 34,8 құрады. 2024 жылдың бес айында сырқаттанушылық өткен жылдың деңгейінде тіркелді, 100 мың адамға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 16,1 құрады, ал 2023 жылдың ұқсас кезеңінде 15,7 құраған.
Республикада тіркелген жалпы туберкулез санының 88,3% -ы өкпе туберкулезіне, оның ішінде жұқпалы түріне (БК+) – 28,8% -ы тиесілі болды.
Туберкулез көрінісі мен түрлерінің көп болуымен ерекшеленеді, бұл оны диагностикалауда қиындық тудырады. Туберкулезде, көбінесе, өкпе зақымданады, науқас адамдар жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда ауа арқылы ауру адамнан сау адамға инфекция қоздырғышы таралады.
Бұл ретте ауруды уақтылы анықтау өте маңызды. Аурудың ауырлығы, оны емдеудің күрделілігі, сондай-ақ аурудың нәтижесі осыған байланысты.
Туберкулездің негізгі клиникалық көріністері: қан түкірумен қатар жүруі мүмкін ұзақ жөтел, дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, қатты шаршау, салмақ пен еңбек қабілетінің төмендеуі.
Егер адамда жоғарыда аталған ауру белгілері байқалса, онда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек, ол қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізгеннен кейін аурудың нақты диагнозын қояды.
Аурудың диагнозы расталған кезде тиісті арнайы ем тағайындалады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда туберкулезді тиімді препараттармен емдеудің қысқа мерзімді схемасы енгізілді. Айта кету керек, Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі
Уақтылы медициналық көмекке жүгініп, дер кезінде ем жүргізілген кезде туберкулез толығымен емделеді.
Жаман әдеттерден бас тартуды (алкоголь ішу, темекі шегу және т.б.) қоса алғанда салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және әлеуметтік әл-ауқатты арттыру туберкулездің алдын алуда үлкен рөл атқарады. Мысал ретінде мына фактіні келтіруге болады, 2023 жылы жұмыс істемейтін адамдар мен қоғамға жат өмір салтын ұстанатын адамдар елдегі туберкулезбен ауыратындардың 46,5% -ын құрады.