Қандай ауа тазартқыштың қауіпсіз екенін полимерлер және басқа химиялық заттардың токсикологиясы зертханасының меңгерушісі Карибаева Әсел Қазбекқызы айтты.
Ауа тазартқыштың тиімділігін және қауіпсіздігін қандай факторлар анықтайды және ол адам денсаулығына қалай әсер етеді?
Ауа тазартқыштың тиімділігі жеткіліксіз, өйткені ол жағымсыз иістің себебін жоймайды, тек оны біраз уақытқа кетіріп, жаман иісті зиянды ауаға ұластырады.
Аэрозольді ауа тазартқыштардың негізгі компоненттеріне пропан, бутан, изобутан, формальдегид, мұнай дистилляы, ацетальдегид сияқты әртүрлі ұшпа органикалық қосылыстар жатады. Ауа тазартқыштарды жабық үй-жайда пайдаланған кезде осы зиянды заттар өкпе және тері арқылы адам ағзасына оңай енеді де, жүйке жүйесіне кері әсер етеді, асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзып, аллергиялық реакция тудырады. Егер организм өте сезімтал болса, бас ауырып, мұрыннан су ағу және түшкіру түрінде аллергиялық реакция міндетті түрде болады.
Бұдан бөлек, ауа тазартқыштардың құрамынан натрий бензоатын (Е211) және натрий нитритін (Е250) анықтауға болады. Бұл улы қоспалар тіпті ДНҚ мутациясын тудырып, Паркинсон ауруы сияқты нейродегенеративті аурулардың дамуына әсер етуі мүмкін.
Бауыр туралы да ұмытпаған жөн. Күн сайын ағзаға жүздеген зиянды заттар енеді және оның міндеті-оларды бейтараптандыру. Ауа тазартқышты тым жиі қолдану арқылы біз бауырға көп күш түсіреміз. Нәтижесінде ол барлық міндетін атқара алмайды да, басқа зиянды заттар біздің иммунитетті әлсіретіп, ішке еркін ене алады. Ауа тазартқыштарды қолдануды онкологиялық аурулармен байланыстыратын маңызды ғылыми зерттеулер бар. Ауа тазартқыштардың булары лейкемияны тудырып, сүйектер мен май тіндерінде сақталуы да мүмкін.
Үйде немесе офисте пайдалану үшін қауіпсіз ауа тазартқышты қалай таңдау керек?
Ауа тазартқыштарды өндірушілер хош иістің ауада барынша ұзақ сақталуы үшін бәрін жасауға тырысады, бірақ бұл адам ағзасына үлкен зиян келтіруі мүмкін. Заңнамаға сәйкес, аэрозольді өндірушілер әрбір ауа тазартқышқа арнайы белгілерді қойып, өз өнімдерінің уыттылығы туралы тұтынушыларға ескертуі тиіс. Төртінші класстағы аэрозольдердің қауіптілік деңгейі өте төмен болады. Бұдан бөлек, өндірушілер нақты хош иістендіргішті пайдалануға болатын үй-жайдың ең төмен ауданын қаптамада көрсетуге міндетті. Алайда мұндай ережелерлі өндіруші компаниялардың барлығы сақтамайды. Өзіңізді сақтандыру үшін, әсіресе балалар бөлмесінде химиялық тазартқыштарды қолдануды азайтуға тырысыңыз. Заттардың шырышты қабықтарға түсіп кетпеуіне жол бермеңіз, ауа тазартқышты сепкен кезде дем алмауға тырысыңыз және өзіңізге қарай оны бағыттамаңыз. Егер тамшылары қолыңызға тиіп кетсе, оларды жуып тастаңыз. Ең дұрысы, терезені ашып, үй-жайды желдету керек.
Сұхбатты қорытындылай келе, Әсел Қазбекқызы ауа тазартқыштың орнына кез келген эфир майы жағылған мақта шариктерін немесе ағаш үгіндісін пайдалануды ұсынды. Осының арақасында эфир майының кәдімгі табиғи хош иісі ұзақ сақталады. Және де жағымсыз иістердің себептерін жою үшін пәтерді үнемі тазалап, үй-жайды желдету қажет, дәретхана есігін мықтап жауып, жақсы желдеткішті қамтамасыз ету керек. Әдетте, үйіңіз әрдайым таза болып, онда таза ауа болуы үшін осы шаралар жеткілікті. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Деніңіз сау болсын!