Қарашадан бастап Қазақстанда ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының қолдауымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған ересек тұрғындар арасында жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын зерделеуге бағытталған ұлттық STEPS зерттеуі басталады.
Жұқпалы емес аурулар (ЖЕА) әлемнің барлық елдері үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып саналады.
Қазақстан Республикасында ЖЕА 4 тобы (жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, тыныс алу мүшелерінің аурулары, диабет) еңбекке жарамсыздықтың, сырқаттанушылықтың, мүгедектіктің негізгі себебі болып табылады және еліміздің тұрғындарының мезгілсіз қайтыс болуының барлық жағдайларының 80% тудырады. Осындай үрдіс бүкіл әлемде байқалады.
Негізгі себептер – темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің болмауы және алкогольді шамадан тыс ішу сияқты мінез-құлық қауіп факторлары болып табылады.
STEPS зерттеуі – елдегі ЖЕА азайту бойынша саяси шешімдер мен бағдарламалық іс-шараларды жоспарлау үшін ЖЕА қауіп факторларының таралуы мен мониторингін зерделеуге бағытталған деректерді кезең-кезеңімен және стандартталған жинау, талдау әдісі.
Бұрын зерттеу 140 елде жүргізіліп, өз тиімділігін дәлелдеген.
Зерттеу нәтижелері бойынша ЖЕА қауіп факторларының таралуы жөнінде ұлттық есеп шығарылды.
Зерттеу үш кезеңнен тұратын болады:
Жұқпалы емес аурулармен байланысты мінез-құлық қауіп факторларын бағалауға арналған қатысушылардың үйлерінде жүргізілетін сауалнама.
Жүрек-қантамыр жүйесінің жұмыс көрсеткіштеріне антропометриялық өлшеу жүргізу.
Қанның биохимиялық параметрлерін өлшеу (тест жолақтары арқылы глюкоза мен холестеринді анықтау).
Сауалнаманы интервьюерлер мен медицина қызметкерлері командасы жүргізеді. Интервьюерлер бойды, салмақты, бел шеңберін, қан қысымын және жүрек жиырылуы жиілігін өлшейді, сонымен қатар қант пен холестеринге жедел қан талдауын жүргізеді.
Интервьюерлер мен медицина қызметкерлерінің айрықша белгілері:
Фотосуреті мен ұйымның мөрі қойылған ресми куәлік/бейдж.
STEPS логотипі бар тиісті жабдық (кепка мен сөмке)
Ұлттық зерттеу республика бойынша 18 жастан 69 жасқа дейінгі ересек тұрғындарды қамтиды. 3300 үй шаруашылығына бару жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды еліміздің денсаулық сақтау саласына өз үлестерін қосуға және аталмыш зерттеуге қатысуға шақырады.