Астана, Қазақстан Республикасы, 2024ж. 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚР ДСМ ҚДСҰО), ДДҰ Елдік офисінің қолдауымен, жүргізген HBSC зерттеуі барысында алынған жаңа деректер Қазақстандағы жасөспірімдердің дене белсенділігі, тамақтану тәртібі, дене салмағы туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Мысалы, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы жариялаған баяндамада бүкіл әлемдегі жастардың денсаулық жағдайындағы алаңдатарлық айырмашылықтар анықталды, оның үстіне аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар қатты зардап шегеді. «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуіне қатысатын 44 елдің жаңа деректеріне негізделген есепте тамақтанудағы нашар әдеттер, жастар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және қатерлі ісік ауруларын қоса алғанда көптеген жұқпалы емес аурулардың маңызды қауіп факторлары болып саналатын артық салмақ пен семіздік көрсеткіштерінің өсуі, сондай-ақ дене белсенділігінің төмен болу деңгейі көрсетіледі.
Қазақстан бойынша негізгі тұжырымдар: жасөспірімдердің денсаулық жағдайын қысқаша шолу
Дене белсенділігі: Қазақстан Республикасында жасөспірімдердің тек 32%-ы ғана ДДҰ-ның орташа белсенділіктен қарқынды белсенділікке дейін ұзақтығы кемінде 60 минут күнделікті дене белсенділігі (MVPA) туралы ұсынымын орындайды. Бұл пайыз HBSC шкаласы бойынша ұлдар 25% және қыздар 15% құрайтын орташа көрсеткішке қарғанда жоғары. Бір қызығы, жасөспірімдер өскен сайын дене белсенділігінің деңгейі төмендейді және 15 жастағы балалардың тек 28%-ы ұсынымдарды ұстанады.
Тамақтану тәртібі: Есеп көрсеткендей, Қазақстандағы жасөспірім оқушы балалардың тек 31% -ы ғана күн сайын жемістер мен көкөністерді тұтынады, бұл HBSC бойынша 38% құрайтын орташа көрсеткіштен төмен. Бұл алаңдатарлық төмен көрсеткіш жемістер мен көкөністерді жеткілікті мөлшерде тұтыну мен созылмалы ауру қаупінің төмендеуі арасындағы байланысты ескере отырып, қатты алаңдаушылық тудырады. Қазақстандағы жасөспірімдердің 60% -ы, жартысынан көбі жұмыс күндері күндерін таңғы астан бастайды, бұл HBSC бойынша 51% құрайтын орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы сауалнамадан бастап қыздар арасында айтарлықтай төмендеді, бұл күш-қуат деңгейіне, зейіннің шоғырлануына және жалпы тамақтануға ықтимал әсер ету жағынан қауіп төндіреді.
Әрбір төртінші жасөспірім – 27%-ы күнделікті тәттілерді немесе шоколадты жейді, ал 15%-ы күнделікті алкогольсіз тәтті сусындарды ішеді, бұл цифрлар жасөспірімдердің денсаулығы үшін қантты шамадан тыс артық тұтынудың зиянды салдары туралы хабардарлықты арттыру қажеттілігін көрсетеді.
Дене салмағы: Қазақстанда жасөспірімдердің 15% -ында артық салмақ немесе семіздік бар, бұл HSBC бойынша 22% құрайтын орташа көрсеткіштен төмен. 2018 жылдан бері көрсеткіш ұлғайды, бұл дереу назар аударуды қажет ететін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы проблеманың артып келе жатқанын көрсетеді. Жасөспірімдердің тек 9% -ының дене салмағы жеткіліксіз болса да, бұл проблеманы елемеуге болмайды, өйткені ол қоректік заттардың жетіспеушілігін немесе денсаулыққа қатысты басқа да негізгі проблемаларды көрсетуі мүмкін.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы кең таралған проблемалар мен салдарлар
Баяндамада көрсетілген айырмашылықтар денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемалардан туындайтын салдарға әкеледі. Жасөспірім кезінде дұрыс тамақтанбаудың, гиподинамияның және артық салмақтың/семіздіктің денсаулыққа тигізер ұзақ мерзімді салдары ауыр болуы мүмкін, соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларына, 2 дәрежелі қант диабетіне және қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне шалдығу қаупі жоғары болуы мүмкін.
Қазақстанда жасөспірімдердің жемістер мен көкөністерді күнделікті тұтынуының төмен екендігі туралы деректер мектептегі тамақтану сапасын жақсарту және мектептерде және одан тыс жерлерде дұрыс тамақтану нұсқаларының қолжетімділігін арттыру үшін барынша күш-жігер жұмсау қажеттігін көрсетеді. Бұл жастарға дұрыс тамақтануды таңдауға мүмкіндік беретін және оларды осыған ынталандыратын қолайлы мектеп ортасын құру бойынша ағымдағы мәселелерге сәйкес келеді.
«Тұрақты дене белсенділігі, дұрыс тамақтану және қалыпты салмақты ұстап тұру салауатты өмір салтының маңызды элементтері болып саналады», – дейді ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры доктор Ханс Генри П.Клюге, – Баяндамадан шығатын қорытынды жасөспірімдерге салауатты өмір салтын ұстануға және олардың қазіргі денсаулығы мен әл-ауқатына ғана емес, сонымен қатар олардың ересек өміріндегі болашақ тағдырына да әсер ететін әдеттерден аулақ болуға мүмкіндік беретін мақсатты араласулардың қажеттілігін көрсетеді».
Бұдан басқа, жасөспірімдердің денсаулыққа қатысты мінез-құлқындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтар қолайсыз жағдайдың туындауына ықпал етеді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларда, көбінесе, денсаулыққа қатысты қолайсыз салдарлар туындайды, бұл олардың білім алуына, жұмысқа орналасу перспективаларына және жалпы өмір сүру сапасына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл әлеуметтік теңсіздікті туындатады және мансаптағы ұтқырлық үшін мүмкіндіктерді шектейді.
Дағдарысты еңсеру шаралары
ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы осы алаңдатарлық үрдістерді жою үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырады. Баяндамада мыналарға бағытталған кешенді стратегиялар ұсынылады:
● Тамақ өнімдері маркетингін реттеу: балалар мен жасөспірімдерге зиянды тағамдар мен сусындарды сатудың қатаң ережелерін енгізу.
● Дұрыс тамақтануды насихаттау: арзан және құнарлы тағамдарға, әсіресе жағдайы нашар отбасылар үшін қолжетімділікті жақсарту және зиянды тағамдар мен сусындарды тұтынудың алдын алуға бағытталған саясатты жүзеге асыру.
● Дене белсенділігін арттыру: дене белсенділігі үшін қауіпсіз және қолжетімді жағдайлар жасау және жасөспірімдерді тұрақты спортпен айналысуға ынталандыратын бастамаларды дамыту.
● Мақсатты іс-шаралар: жасөспірімдер арасында, әсіресе жағдайы нашар отбасылардан шыққан жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын ұстану үшін жеке іс-шаралар әзірлеу. Бұл іс-шаралар дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін насихаттайтын мектеп бағдарламаларын, арзан спорттық құрылымдар мен демалыс орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін қоғамдық бастамаларды және салауатты өмір салтының маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыратын қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы науқандарды қамтуы мүмкін.
● Әлеуметтік теңсіздікпен күрес: саясат барлық жастарға салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік бере отырып, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды азайтуға бағытталуы тиіс.
“Бұл нәтижелер мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын қалыптастыруда әлеуметтік-экономикалық факторлардың шешуші рөл атқаратынын жақсы еске салады”, – деді ДДҰ Еуропалық бюросының тамақтану, дене белсенділігі және семіздік мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесшісі доктор Кремлин Викрамасингхе, – Бұл теңсіздікті жою көп қырлы тәсілді қажет етеді, оның ішінде қоршаған дұрыс ортаны құруға, қоректік тағамдарға қолжетімділікті жақсартуға және әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан барлық жастар үшін дене белсенділігін ынталандыруға бағытталған саясатты да қажет етеді”.
HBSC зерттеуі денсаулық сақтау саласындағы саясат соңғы нақты дәлелдерге негізделетінін және жасөспірімдердің қажеттіліктеріне бейімделетінін қамтамасыз ете отырып, осы күш-жігерді қалыптастыру үшін баға жетпес деректерді ұсынады.
“Осы нәтижелер тұрғысынан біз қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы күш – жігерді ғана емес, білім беру, ақпараттық, әлеуметтік саясат секторларын да тарта отырып, жастарымыздың арасында денсаулық жағдайындағы айырмашылықтарды жою үшін шұғыл кешенді шаралар қабылдауымыз қажет екені анықтала түседі”, – деді ҚР ДСМ ҚДСҰО Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назаров, – Дұрыс таңдау мен мінез-құлыққа ықпал ететін жағдайлар жасауға назар аудара отырып, біз Қазақстандағы барлық жасөспірім оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға көмектесе аламыз”.
Есепке сілтеме: https://iris.who.int/handle/10665/376772