Жыл сайын 28 мамырда Халықаралық әйелдер денсаулығын қорғау күні (International Day of Action for Women Health) немесе халықаралық әйелдер денсаулығы күні атап өтіледі. Бұл күн көптеген елдерде 1987 жылдан бері атап өтіледі.
Бұл күнді өткізудің негізгі мақсаты – денсаулық адамзаттың негізгі құндылықтарының бірі болып саналатынын және әйелдің денсаулығы кез келген ұлттың болашағы үшін маңызы зор екенін еске салу.
ДДҰ деректеріне сәйкес қатерлі ісік бүкіл әлемде өлімнің жетекші себептерінің бірі болып табылады, 2020 жылы 10 миллионға жуық адам қайтыс болды немесе қайтыс болған әрбір алтыншы адамның өмірін қиды. Уақтылы диагноз қойған кезде және дұрыс ем тағайындаған кезде қатерлі ісіктің көптеген түрлерін емдеуге болады.
Қатерлі ісік ауруынан болатын өлімнің шамамен үштен бірі темекі шегуден, дене салмағының жоғары индексінен, алкоголь ішуден, жемістер мен көкөністерді тұтыну деңгейінің төмен болуынан және дене белсенділігінің болмауынан болады.
ҚазОРҒЗИ деректері бойынша 2023 жылы Қазақстанда сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында – сүт безі обыры (13,3%, 5 507 жағдай), екінші орында – колоректальды обыр (9,5%, 3 939 жағд.), үшінші орында – өкпе обыры (9,3%, 3 872 жағд.), төртінші орында – асқазан обыры (6,9%, 2 874 жағд.), бесінші орында – жатыр мойны обыры (4,9%, 2 035 жағд.) тұр.
Халықаралық әйелдер денсаулығын қорғау күнінде Қоғамдық денсаулық ұлттық орталығы (ҚДСҰО) репродуктивті денсаулық саласындағы ауруларды анықтау үшін тұрақты профилактикалық тексерулердің және уақтылы скринингтен өтудің маңыздылығын еске салады.
Әйелдің денсаулығының алдын алу және денсаулығын сақтау үшін:
1. Профилактикалық қарап-тексерулер үшін гинекологқа және басқа да мамандарға үнемі барып қаралу керек. Гинекологқа жылына екі рет бару ұсынылады.
2. Сүт безі обыры мен жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін уақтылы скринингтен өту.
3. Теңдестірілген тамақтану туралы естен шығармау (таза ауыз суға артықшылық беру, асмәзіріне жаңа піскен көкөністерді, жемістерді, аскөктерді және жаңғақтарды қосу).
4. Салмақты қадағалау. Денсаулықты, оның ішінде репродуктивті денсаулықты, дене салмағының индексін (ДСИ) сақтау үшін қалыпты норма шегінде болуы тиіс. Дұрыс тамақтану және қалыпты дене шынықтыру жүктемелері, мысалы, жаяу серуендеу, велосипедпен жүру, жүзу қажетті салмақты сақтауға көмектеседі.
5. Күніне кемінде 8 сағат толық ұйықтау. Биоритмдеріңізге сәйкес келетін режимді ұстанған жөн.
6. Жаман әдеттерден бас тарту.
7. Есіңізде болсын, сақтанбай жыныстық қатынасқа түсу әйелдердің денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
8. Жеке гигиена ережелерін сақтау. Синтетикалық хош иісті заттарсыз және хош иістендіргіштерсіз арнайы құралдарды қолданған дұрыс.
9. Табиғи маталардан жасалған бұйымдарды іш киім ретінде пайдалану. Іш киімді жеңіл заттармен жуу ұсынылады.
10. Дағарыс пен шамадан тыс эмоционалды жүктемелерден аулақ болу. Өзіңізді жақсы көріңіз және жиі күліп жүріңіз!