Астанада 21-23 мамыр аралығында гибридті форматта (офлайн және онлайн) инфекциялық емес аурулардың (бұдан әрі – ИЕА) алдын алу мәселелерін талқылауға, атап айтқанда, құрамында қанты бар сусындарды, тұзды және құрамында трансмайлары жоғары өнімдерді тұтыну саясатын реттеуге арналған екі күндік семинар өткізілді.
Семинар жұмысына: Есмағанбетова Айжан Серікбайқызы, Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері; Сәрсенбаева Гүлнара Еділқызы, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары; Назарова Салтанат Әбдіқадырқызы, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасының орынбасары; Скендр Сыла, Қазақстандағы ДДҰ өкілі, ДДҰ Елдік офисінің басшысы; Клэр Ферран, техникалық офицер, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы, ИЕА және инновациялар жөніндегі арнайы бастама; Кайя Энгесвин, тамақтану және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі техникалық офицер, ДДҰ штаб-пәтері; Сунита Сурешкумар, консультант, R-Health (RHC), ДДҰ штаб-пәтері; Чонлатан Висарутвонг, техникалық офицер, ДДҰ, Денсаулық сақтау саласындағы фискалдық саясат.
Семинардың ашылуында Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Есмағанбетова Айжан Серікбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, инфекциялық емес аурулармен сырқаттанушылық статистикасын, тәтті сусындардың, тұздың, трансмайлардың көп мөлшерін тұтынудың жағымсыз салдарын және халықтың денсаулығын нығайту үшін шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
“Қазіргі таңда дүние жүзінде және Қазақстанда да инфекциялық емес аурулар барлық өлімнің 84% -на себеп болып отыр.
Еліміз инфекциялық емес аурулардың негізгі 4 тобын емдеуге 300 млрд. астам теңге бөледі, бұл жалпы денсаулық сақтау саласындағы бюджеттің 30% – дан астамын құрап отыр, бүгінгі күні шығындар 300 млрд. теңгеден асады. Еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты экономика үшін жұмасалатын шығындар денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардан 6,5 есе асады және жылына 2 трлн. теңге құрап отыр. Жалпы, инфекциялық емес аурулар Қазақстан экономикасына жылына 2,3 трлн. теңге көлемінде зиян келтіреді, бұл елдің жылдық ЖІӨ-нің 4,5%-ын құрайды”, – деп атап көрсетті Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Есмағанбетова Айжан Серікбайқызы.
Семинар аясында ҚДСҰО Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова “Қазақстанда өнеркәсіп өндірісіндегі тұз мөлшерін азайтудың және трансмайларды алып тастаудың маңыздылығы және тиісті ұлттық іс шаралар” тақырыбында баяндама жасады. Баяндамасында ол Қазақстандағы ИЕА бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.
«Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. 35 – 50 жас аралығындағы топ еліміздегі тұрғындардың 12% құрайды және жүрек ауруына бейім. 2018-2019 жылдары ДДҰ жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда тұзды тұтыну тәулігіне 17,8 г құрайды, бұл ДДҰ ұсынымдарында белгіленген 5 грамм деңгейден 4 есе артық болып тұр және халықтың тұзды тұтынуы бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Трансмай қышқылдары мен тұз мөлшерінің жоғары болуы жалпыға қолжетімді тамақ өнімдерінен байқалады.
Қан қысымының жоғарылауы және трансмайларды тұтыну жүрек-қан тамырлары аурулары мен осы аурудан болатын өлім қаупін едәуір арттырады. Біздің мақсатымыз – тұз бен трансмайларды тұтынуды төмендетуге бағытталған бағдарламаларды енгізу арқылы бұл көрсеткіштерді азайту. Экономикалық модельдеу көрсеткендей, тұзды тұтынуды азайту шаралары Қазақстанда инфекциялық емес аурулардың алдын алуда ең тиімді және үнемді шаралар болып табылады»,
– деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.
Конференцияға қатысушылар ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы сарапшыларының салық саясаты, салықтарды жобалау бойынша миссиясы шеңберінде үздік халықаралық тәжірибе алмасуға және жемісті пікір-талас жүргізуге және құрамында қанты бар сусындарды тұтынуды реттеу үшін салықтарды енгізуді негіздеуге және одан әрі тұзды тұтынуды азайту және тамақ өнеркәсібінде трансмайларды пайдалануды тоқтату жөнінде пәрменді қадамдарды айқындауға мүдделі екендігін атап өтті.
Конференцияны ұйымдастырушылар: Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және Қазақстандағы ДДҰ аймақтық офисі.