Электрондық темекінің денсаулыққа зияны туралы және Қазақстанда вейптерге тыйым салу бойынша қабылданған шаралар туралы

Қазіргі уақытта “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодексте шекпейтін темекі өнімдерін, вйптерді, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу көзделген. Бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға және жаман әдеттермен күресуге бағытталған маңызды қадам. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова осы шаралар мен қоғамдық денсаулық сақтауды қолдау және нығайту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығы туралы толығырақ айтып берді.
“Қазақстан-2050” стратегиясында азаматтардың денсаулығы қазақстандықтардың әлеуетін ашу үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған, өйткені дамыған елдің негізі – белсенді, білімді және дені сау азаматтар.
Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде мінез-құлық қауіп факторларының, оның ішінде темекі шегудің профилактикасын арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
Вейптерге тыйым салу “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске сәйкес енгізілді, ол халықтың денсаулығын сақтауға және қоғамдық әл-ауқатты жақсартуға, атап айтқанда жастарды қорғауға бағытталған.
Мәселен, қоғамда 100% түтінсіз ортаны енгізу, жарнаманы бақылау, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу түрінде темекі өнімдерін тұтынуды азайту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделген. Дегенмен, темекі шегуге қарсы күрестің ең танымал әдісі салық шаралары болып саналады.
Қазақстанда темекі өнімдеріне акциз 1995 жылы енгізілді. Соңғы 10 жылда акциздер мөлшерлемесінің өсуі түрінде салық саясатының қатаңдауы байқалады. Сонымен, сүзгісі бар темекіге акциз мөлшерлемелері шамамен 13 есе өсті, ал сүзгісі жоқ темекі, 1000 данаға шаққанда, 21 есе өсті.
Салтанат Назарова Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әлеуметтік желілердегі, БАҚ-тағы ақпараттық жұмыстарды, оқу орындарындағы білім беру іс-шараларын, вейп, темекі, насыбай және басқа да темекі өнімдерін тұтынудың зияны туралы хабардарлықты арттыру мақсатында өткізілген дөңгелек үстелдерді қамтитын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті. Жаман әдеттерге үйір жастар мен жасөспірімдерге, әсіресе осал топтарға көп көңіл бөлінеді.
Бүгінгі таңда насыбай шегудің зияны туралы мәселе де өзекті болып отыр. Насыбай – бұл дәстүрлі шығыс темекі өнімі, құрамында никотин мен ауыр металдар болады, олар ауыр ауруларға әкеліп, ағзаға зиян келтіруі мүмкін, өкінішке орай, әлі күнге дейін бұларға тыйым салынбаған және Қазақстанда сатуға шартты түрде рұқсат етілген.
«2024 жылдың мамыр айында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге республиканың мектептерінде темекіні тұтыну (GYTS) туралы Жаһандық сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. 3 мамырда сауалнама жүргізетін интервьюерлерді оқытты. Сауалнама барысында таңдалған мектептердегі 7-9 сынып оқушыларына сауалнама жүргізіледі. Сауалнама жасырын түрде толтырылады. Жаһандық сауалнама Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын” және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген “Қазақстан Республикасында мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайтудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын” іске асырудың бір бөлігі болып табылады. Сауалнама мектеп оқушылары арасында темекіні тұтынудың қазіргі жағдайы туралы ақпарат жинауға мүмкіндік береді және олардың денсаулығын қорғау үшін тиімді шаралар әзірлеуге көмектеседі»,- деді Салтанат Назарова.
Халықтың денсаулығын нығайту басым міндет болып саналады және Қазақстан өз азаматтары үшін қауіпсіз және салауатты ортаны қамтамасыз етуге ұмтылады.
Елімізде темекі шегуге қарсы 88 кабинет жұмыс істейді, олар адамдарға тәуелділікті жеңуге көмектесуге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қазақстандықтардың денсаулығына зиянды вейптердің, есірткілердің және басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.