Жыл сайын 17 мамырда ДДҰ бастамасы бойынша Дүниежүзілік гипертонияға қарсы күрес лигасымен және Халықаралық гипертония қоғамымен тығыз ынтымақтастықта Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні атап өтіледі.
Бұл күннің ұраны: “Қан қысымыңызды дәл өлшеңіз, оны бақылаңыз, ұзақ өмір сүріңіз!”. Басты мақсат – жүрек-қан тамыры жүйесі ауруының ең көп таралған ауруларының бірі, оның ықтимал асқынулары, осы аурудың алдын алу әдістері, оны анықтау және емдеу туралы, сондай-ақ қан қысымын өлшеудің нақты әдістері жөнінде көпшіліктің хабардар болуын арттыру.
Гипертония – немесе жоғары қан қысымы – бұл қан тамырларындағы қысым қалыпты деңгейден асатын ауыр патологиялық жағдай (сынап бағанасы 140/90 миллиметр немесе одан жоғары).
ДДҰ деректері бойынша, артериялық гипертония — әлемдегі ең көп таралған кардиологиялық бейіндегі ауру, бұл аурудан халықтың 30-45% -ы зардап шегеді. Көбінесе ер адамдарға осы диагноз қойылады, 60 жастан кейін бұл адамдардың 60% -ында байқалады. Бірақ соңғы уақытта 30 жасқа дейінгі жас адамдарға да артериялық гипертония диагнозы қойылып жүр. Бұл үрдіс репродуктивті жаста жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлімнің өсуіне әкеледі.
Көбінесе тұзды, майлы тағамдарды артық тұтынатын, алкогольді көп ішетін адамдарда, стресс жағдайларында, холестерин деңгейі жоғарылағанда, темекі шеккенде, дене белсенділігі төмендегенде, тұқым қуалауда қан қысымы жоғарылайды.
Артериялық гипертонияны анықтаудың жалғыз әдісі – өзін нашар сезінгенде ғана емес, сонымен қатар шағымдар болмаса да қан қысымын үнемі өлшеу.
АГ диагнозы расталған кезде үнемі кардиолог дәрігердің бақылауында болып, барлық ұсынымдарды тәртіпке сай орындау керек.