Астанада мектеп жасына дейінгі балалардың тәуліктік қимыл-қозғалыс белсенділігін халықаралық мониторингтік зерттеу бойынша “SUNRISE” пилоттық жобасы басталады, оған Астана қаласы мен Ақмола облысынан 100 бала қатысады.
Австралия Вуллонгонг университетімен және ДДҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисімен ынтымақтастықта, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Назарбаев университетімен бірлесіп зерттеуді жүргізеді.
Астана қаласында 13-14 мамырда мектеп жасына дейінгі балалардың тәуліктік қимыл-қозғалыс белсенділігіне зерттеу жүргізу және деректерді жинау жөнінде зерттеушілерді оқыту және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дене белсенділігі, аз қозғалыстағы өмір салты және ұйқы бойынша, сондай-ақ 3-5 жастағы балалар арасында артық дене салмағы мен семіздіктің таралуын бағалау бойынша Жаһандық ұсынымдарына сәйкес келетін аталған жастағы балалардың үлесін анықтау мақсатында ұйымдастырылған екі күндік семинар өтті.
Австралия Вуллонгонг университетінің профессоры Энтони Окели “SUNRISE” жобасын таныстырып: “Біз балалардың тәуліктік дене белсенділігін және бұл параметрдің олардың бойына, салмағына, қозғалыссыз өтетін уақытына да әсерін тексеруді жоспарлап отырмыз. “SUNRISE” зерттеуі мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін шаралар қабылдауда мемлекеттік органдар мен серіктестерге көмектеседі”, – деп атап өтті.
“SUNRISE” жобасы өте ауқымды жоба болып саналады, бұл жобаға 64 ел қатысады. SUNRISE зерттеуінің қорытындысы бойынша 2019 жылы ДДҰ жариялаған мәліметтерге сәйкес, дүние жүзіндегі 20 елде мектеп жасына дейінгі (3-4 жас) балалардың шамамен 30% -ы ғана ДДҰ-ның барлық үш ұсынымын орындайды:
– кемінде 180 минут дене белсенділігі, оның ішінде кем дегенде 60 минут қимыл қозғалысы көп ойындар;
– экран алдында қозғалмай отыру – 1 сағаттан аспау;
– 10-13 сағат толық ұйықтау.
Бұл фактілер барлық үш ұсынымды орындамайтын балалардың қалған 70%-ы денсаулығының нашарлауы тұрғысынан жоғары қауіп тобында болатынын көрсетеді.