Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – табиғи ошақты ауру, бұл ауруға көктемгі-күзгі мезгіл: наурыздан қазанға дейінгі кезең тән.
Адамға КҚГҚ инфекциясы кене шағып алған кезде, онымен жанасқан кезде (кенені қорғалмаған қолмен алып тастау, жаншу) жұғады. Кене шаққанда ауырмауы мүмкін, сондықтан адамға байқалмайды.
Қазақстанда Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аумағы КҚГҚ табиғи ошақтары болып саналады. Сонымен қатар, бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы малдары мен үй құстары КҚГҚ жұқтыру көзі болып табылады, ауыл шаруашылығы малдарына күтім жасау кезінде, сауған кезде, әсіресе қырқу кезінде, сою кезінде ауруды жұқтырады. Бұл жағдайдың шиеленісуіне елді мекендердегі кенелердің көбеюіне әкелетін антисанитариялық жағдайлар (көңнің, тұрмыстық қоқыстардың жиналуы, рұқсат етілмеген қоқыстар) ықпал етеді.
23.04.2024 жылғы жағдай бойынша, Түркістан және Қызылорда облыстарында КҚГҚ-ның зертханалық расталған 2 жағдайы тіркелді.
Кене инфекцияларының алдын алудың негізгі шаралары кенелердің адаммен жанасуын болдырмауға бағытталған жеке қорғаныш шаралары болып қала береді: дененің ашық жерлері болмайтындай киіну керек (шалбарды бәтеңке немесе шұлық ішіне салу, жейденің жеңінің манжеттерін түймелеу немесе оларды таспалармен тарту керек, мойнына орамал байлау қажет); табиғат аясында демалған кезде кенелерден қорғайтын әртүрлі репелленттерді пайдалану керек. Кене шағуының алдын алудың тиімді шарасы – жабысқан жәндіктерді анықтау үшін киім мен денені мезгіл-мезгіл қарап-тексеру.
Егер сіз кенені тауып алсаңыз, оны қалай алып тастау керек?
Мұны травматологиялық пунктте немесе тұрғылықты жері бойынша емханада дәрігердің жасағаны дұрыс. Кененің сору кезеңінде терең және қатты бекітілген тұмсығын үзіп алмау үшін оны өте мұқият алып тастау керек.
Кенені алып тастау кезінде мынадай ұсынымдарды орындау қажет:
• кенені пинцетпен жұлу немесе таза дәкемен оралған саусақпен аузына қарай мүмкіндігінше жақын ұстап алу және шаққан жердің бетінен перпендикуляр ұстап, кененің денесін осьтің айналасына бұру, оны теріден шығару;
• шаққан жерді осы мақсатқа жарамды кез келген құралмен (70% спирт, 5% йод тұнбасы) дезинфекциялау;
• кенені алып тастағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
• егер қара нүкте қалса (басының немесе тұмсығының жұлындысы) 5% йод тұнбасымен сүртіп, табиғи түрде жойылғанша қалдыру.
Кене шаққанда не істеуге болмайды:
– теріге жабысқан кенені жұлуға болмайды. Өйткені, оны жұлған кезде жәндіктің басы теріде қалып қояды. Салдарынан, жәндіктің улы сөлі мне вирустар адам ағзасына тарайды;
-тіспен жұлып алуға, қатты басып, сығуға болмайды. Қоздырғышты жұқтыру қаупі артады.