Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ Басқармасы (бұдан әрі-БҰҰ ЕҚБ) бағдарламасының шеңберінде 2024 жылы 15 сәуірден 20 сәуірге дейін Алматы қаласында Есірткі пайдаланудың алдын алу бойынша әмбебап білім бағдарламасының тренинг сериясынан тұратын оқу сабағы өткізілді.
Бұл тренинг сериясы практик мамандарға, сондай-ақ есірткілерді пайдаланудың алдын алу саласындағы мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар менеджерлері мен басшыларына арналған.
Тренингтің негізгі мақсаты – ұлттық тренерлерді дайындау, бұл тренерлер кейін мектеп білімі жүйесінде есірткі пайдаланудың алдын алу саласында жұмыс істейтін мамандарды оқытуға жауапты болады.
Оқу бағдарламасы есірткі пайдаланудың алдын алу бойынша ғылыми негізделген оқу бағдарламаларына деген сұранысты ескере отырып әзірленді.
Оқу сабағына ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Алмагүл Аманжолқызы қатысты.
Оқыту барысында психобелсенді заттарды (бұдан әрі – ПБЗ) пайдаланудың алдын алумен байланысты өзекті мәселелер қаралды. ПБЗ-дың мінез-құлыққа әсерін және оларды пайдаланудың салдарын зерделеуге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, ғылым ретінде фармакологияның тиімді профилактика бағдарламасына ықпал ете алатыны туралы жаңа ғылыми зерттеулерді таныстырды, сондай-ақ профилактикалық араласулар мен ғылыми дәлелдерге негізделген саясатты енгізу негіздемелерін талқылады.
Бұл оқу сабағы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласында ПБЗ пайдаланудың алдын алуда тиімді жұмыс істеу үшін жаңа білім алуға және құралдарды тануға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар: Орталық Азиядағы БҰҰ ЕҚБ өңірлік өкілдігі, «План Коломбо» («Коломбо жоспары») ұйымы, АҚШ Мемлекеттік департаментінің есірткі заттардың халықаралық айналымымен күрес және құқық қорғау қызметі жөніндегі бюросы (INL) және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.