Көктемгі су тасқыны кезінде жіті ішек инфекцияларының және паразиттік инвазиялардың таралу қаупі артады, қоқыс төгетін шұңқырларды, аула дәретханаларын, кәріз және су құбырлары желілерін су басуы аурулардың өршуіне ықпал етеді.
Бұл, ең алдымен, іш сүзегі, дизентерия, вирустық және бактериялық этиологиялы басқа да жіті ішек инфекциялары (ЖІИ), А вирустық гепатиті, паразиттік аурулар сияқты жұқпалы ауруларға қатысты.
Жіті ішек инфекциялары кезінде аурудың жалпы клиникалық көрінісі болады: ішектің бұзылуы, онымен қатар үлкен дәреттің жиі сұйық өтуі, іштің ауыруы, құсу, дене қызуының көтерілуі, дененің уытты симптомдарымен байланысты әлсіздену болады.
Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық мақсатта сапасыз суды пайдаланудың салдары оны пайдаланғаннан кейін бірден байқалмайды: мысалы, жіті ішек инфекциясы ауру жұқтырған сәттен бастап 3-7 күн ішінде дамиды, ал жіті вирустық А гепатитінде ауру клиникасы бір айдан кейін және тіпті одан да көп уақыттан соң пайда болуы мүмкін.
Ішек инфекциясы:
• ішек инфекцияларының қоздырғыштары ластаған шикі, өңделмеген суды тұтынған кезде;
• жемістер мен көкөністерді, асхана ыдыстарын, емізік пен ойыншықтарды осындай сумен жуған кезде;
• елді мекендерді су басу кезінде ашық су айдындарында суды байқамай жұтып қойғанда және т.б. кезде жұғады.
Егер сіз судың сапасына күмәндансаңыз, оны қолданар алдында қайнатыңыз. Есіңізде болсын, су мен тамақ өнімдерін термиялық өңдеу (қайнату арқылы) ықтимал зиянды микроорганизмдерді, соның ішінде бактериялар мен вирустарды өлтіреді.
Су тасқыны алдындағы кезеңде және су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындарға мынаны ұсынамыз:
Су тасқыны алдындағы кезеңде
• қар ерігеннен кейін аумақты жинақталған қоқыстан тазарту, қазылған шұңқырлар мен аула дәретханаларын тазарту және зарарсыздандыру;
• құдықтарды қақпақтармен жабдықтау, құдыққа салынған қималарды ақаусыз және таза ұстау;
• су мен тамақ өнімдерін кеміргіштер жолай алмайтын жерлерде жабық ыдыстарда сақтау;
• бөтелкедегі су, жарамдылық мерзімі ұзартылған тамақ өнімдері қорының болуы, оларды су жетпейтін жерлерге, мүмкіндігінше жоғары орналастыру.
Су тасқыны кезінде
• су басқан жерлерде бұлақтар мен құдықтардан су алмау және пайдаланбау;
• ішу және тамақ дайындау үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
• тасқын суға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбау;
• міндетті түрде жеке гигиенаны сақтау, тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды жуғыш заттармен жуу, әсіресе балалардың қол гигиенасын қадағалау;
• көкөністер мен жемістерді шикі күйінде тұтыну кезінде оларды (бөтелкедегі немесе қайнатылған) сумен мұқият жуу, қайнаған сумен жуу;
• суды қайнату немесе бөтелкедегі суды сатып алу мүмкіндігі болмаған жағдайда суды қамтамасыз ету және беру үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіну қажет;
• аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде жақын жердегі медициналық пункттерге барып, дереу дәрігерлерге қаралу керек, өзін-өзі емдемеу қажет.
• науқасқа жеке ыдыс-аяқ бөлінуі керек, қалғандарының бәрі алдын алу шараларын сақтау қажет – үй-жайларды дезинфекциялау құралдарымен тазалауды ұйымдастыру, қолды мұқият жуу, барлық ыдыстарды қайнату.