4 наурызда Бүкіл әлемде папилломавирус жөніндегі Халықаралық қоғамның (IPVS) бастамасы бойынша Дүниежүзілік адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы күрес күнін атап өтеді.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректері бойынша, АПВ (адам папилломасы вирусы) – жыныстық жолмен берілетін ең көп таралған инфекция. Сексуалдық жағынан белсенді тұрғындардың 80%-ға жуығы өмір бойы АПВ-ны жұқтырады.
АПВ дегеніміз не?
Әйелдердің көпшілігіне АПВ қауіп төндірмейді. Көптеген әйелдердің ағзасы ауыр салдарға әкеп соққанға дейін бұл инфекцияны жеңеді. Дегенмен, кейбірінде тұрақты инфекция туындайды. АПВ – жатыр мойны обырын қоздыруы мүмкін өте көп таралған вирус. Адам папилломасы вирусының барлық түрлері теріге жанасудан жұғады. Ерлер де АПВ жұқтырады және вирусты басқаларға жұқтыра алады. Сондай-ақ адам папилломасы вирусы (АПВ) тамақ қатерлі ісігін, ер және әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін тудырады.
АПВ мен жатыр мойны обырының байланысы қандай?
АПВ-ның шамамен 150 түрі бар, олардың 30- ға жуығы жыныс мүшелерінің аймағын зақымдайды. Олардың кейбірі жатыр мойны обырын қоздыруы мүмкін. Қаупі жоғары АПВ түрін жұқтырған жағдайда әйел организмі кейде инфекцияны жеңе алмай қалады. Егер вирусты ертерек анықтап, ем жүргізбесе, жатыр мойнында қатерлі ісік жасушаларын тудыруға қабілетті аномальды жасушалар пайда болуы мүмкін.
АПВ жұқтыру жолдары:
АПВ теріге жанасқанда жұғады, мысалы, жыныстық жолмен жұғады. Жұқтырғаннан кейін вирус жағымсыз салдарға әкелмей, белсенді түрде болмауы мүмкін. Ол өз бетінше өте алады. Бұл АПВ-ның айлап немесе жылдап бұққан күйде жатыр мойны жасушаларында болуына байланысты және белсенді түрге ауыспайынша және аномальды жасушалардың түзілуін тудырмайынша байқалмайды да. Сондықтан АПВ-тестіден үнемі өтіп тұру – маңызды.
АПВ диагностикасы:
АПВ-да, әдетте, симптомдары білінбейді, сондықтан сіз бұл туралы білмей жұқтыруыңыз мүмкін. АПВ диагностикасы зертханалық-аспапты әдіспен жүргізіледі. Дайджин-тест онкогенді әлеуеті бар осы вирустың 13 түрінің біреуін немесе бірнешеуін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тестті жүргізу үшін қосымша процедура талап етілмейді, ол гинекологиялық тексеру кезінде әдеттегі жағындымен алынатын жатыр мойны жасушаларының үлгісін пайдалана отырып зертханада орындалады.
АПВ профилактикасы:
30 және одан жоғары жастағы барлық әйелдерге жоспарлы тексеру кезінде АПВ-тесттен өту ұсынылады. Бұл жастағы топ жатыр мойны обырының даму қаупіне өте бейім, өйткені осы жаста АПВ-инфекциялар, әдетте, тұрақты болып келеді. АПВ-Дайджин-тест, одан әрі цитологиялық зерттеу және кольпоскопия тұрақты жүргізілген кезде жатыр мойнының обыры дамуының әрдайым алдын алуға болады.
АПВ-ға қарсы жаңа вакциналар инфекцияның алдын алуы мүмкін бе?
АПВ-ға қарсы вакциналар қауіпсіз және тиімді болып келеді. 9-13 жаста, вируспен алғашқы кездесуге дейін (жыныстық өмір басталғанға дейін) жасөспірімдерді егу тиімдірек. Алайда вакциналар осы вирустың белгілі екі онкогенді түрінен ғана қорғайды, бірақ көптеген басқа қауіпті түршелерінен қорғай алмайды. Осылайша, вакцинациялаудан өткен кез келген әйел гинекологқа үнемі барып, жатыр мойны обыры немесе жатыр мойны обыралды ауруының бар-жоғына тексеруден өтуге тиіс.
Есіңізде болсын-білім-бұл күш және біздің денсаулығымыз оған қамқорлық жасауға тұрарлық! Бұл мәселе туралы достарыңыз бен жақындарыңызға айтыңыз, осылайша біз инфекцияның таралуын болдырмау үшін бірге көп нәрсе жасай аламыз.