2024 жылы 21 ақпанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қолдауымен бүкіл әлемде жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу және оған қарсы күрес күні атап өтіледі.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) – қазіргі қоғамның әлемдегі ең маңызды медициналық және әлеуметтік мәселесі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, әлемде жыл сайын 15-49 жас аралығындағы 340 миллионнан астам ерлер мен әйелдер ЖЖБИ-мен ауырады.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың ең көп таралғаны: мерез, гонорея, хламидиоз, трихомониаз, В гепатиті, қарапайым герпес вирусы (HSV), АИТВ және адам папилломасы вирусы (HPV). Сонымен қатар, қазіргі таңда дәрігерге уақтылы қаралған кезде мерез, гонорея, хламидиоз, трихомониаз сәтті емделеді. В гепатиті, қарапайым герпес вирусы (HSV), АИТВ және адам папилломасы вирусы (HPV) вирустардан туындаған және емделмейді.
ДДҰ тек 2020 жылы 156 миллион адам трихомониазды, 129 миллион адам хламидиозды, 82 миллион адам гонореяны, 7,1 миллион адам мерезді жұқтырды деп есептейді.
Соңғы жылдары жыныстық жолмен берілуі мүмкін жаңа инфекциялардың, соның ішінде маймыл шешегі, Shigella sonnei, Neisseria meningitidis, Эбола және Зика вирустық безгегі ауруларының өршуі байқалады.
ЖЖБИ адам денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Олар жамбас, ішкі ағзалардың қабыну ауруларының, жүктілік пен бедеуліктің қолайсыз нәтижелерінің, шала туылудың және туа біткен ақаулардың негізгі себептері болуы мүмкін.
HPV инфекциясы жатыр мойны обырын және басқа онкологиялық ауруларды, гонорея мен хламидиозды тудырады, әйелдердегі жамбас қабыну аурулары мен бедеуліктің негізгі себептері болып табылады.
Кейбір ЖЖБИ жүктілік, босану және емізу кезінде анадан балаға берілуі мүмкін. ЖЖБИ-дің анадан балаға берілуі өлі туылуға, жаңа туған нәрестенің өліміне, туу салмағының төмендеуіне және шала туылуға, сепсиске, неонатальды конъюнктивитке және туа біткен ауытқуларға әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасында жыл сайын мерез, гонорея, трихомониаз, хламидиоз және басқа да инфекцияларды қоса алғанда, 20 мыңнан 30 мыңға дейін ЖЖБИ жағдайы тіркеледі.
ЖЖБИ жұқтыру қаупінің алдын алу және азайту мақсатында бірнеше қарапайым қағидалар мен кеңестерді сақтау қажет:
– қауіпсіз жыныстық мінез-құлық ережелерін сақтау, соның ішінде:
– “кездейсоқ” жыныстық қатынастан аулақ болу;
– жыныстық қатынас кезінде қорғаныш құралдарын (презервативті) қолдану міндетті болып табылады.