Астана, Қазақстан – 2024 жылы 8-9 ақпан: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Қазақстанда тұрақты денсаулық сақтау жүйесі үшін бірыңғай денсаулық» тақырыбында Ведомствоаралық техникалық жұмыс тобының (ТЖТ) үйлестіру кеңесін өткізеді. Үйлестіру кеңесінің мақсаты: «Бірыңғай денсаулық (One Health)» тұжымдамасының шеңберінде Қазақстанда пайда болатын және эндемиялық зооноздық аурулармен және адам – жануар – қоршаған орта байланысындағы денсаулыққа төнетін басқа да қауіп-қатерлермен күрес үшін адами ресурстар әлеуетін нығайту мақсатында ынтымақтастық бойынша негізгі мәселелерді талқылау.
Ведомствоаралық техникалық жұмыс тобының жұмысына ғылыми жетекші институттар және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылымдық органдары мен ұйымдары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID), Дүниежеүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH), Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (FАО), Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (СДС), Дүниежүзілік Банктің сарапшылары қатысты.
Іс-шара ЮСАИД «Жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы» жобасының техникалық қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұл кеңес «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ «ҚР-да зооноздық ауруларға, антибиотиктік резистенттілікке, биоқауіпсіздікке және тамақ қауіпсіздігіне қатысты шараларды жоспарлау, үйлестіру және мониторингтеу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың реттеушілік тетіктерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы» ҚР ДСМ-нің 30.12.2022ж. № 1207 бұйрығын орындау үшін келесі қадам болып табылады.
Кеңеске қатысушылар «Бірыңғай денсаулық» бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларды, сын-тегеуріндер мен қажеттіліктерді талқылады, сондай-ақ мұнан былайғы жоспарларды ұсынды. Олар пайда болатын және эндемиялық зооноздық аурулардың және адам, жануар, қоршаған орта байланысындағы денсаулыққа төнетін басқа да қауіп-қатерлердің тиімді жолмен алдын алу, дайындау, анықтау, бағалау және оларға ден қою үшін сектораралық тәсілдің артықшылықтарын мойындады. Олар өзара қолдау және бірлескен іс-шаралар бойынша өз ойларын да білдірді.
Қазақстан 2018 жылы Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар мен Ветеринариялық қызмет көрсеткіштері арасында байланыс орнату бойынша Ұлттық семинар (НСВС) өткізу шеңберінде зооноздық ауруларға қарсы іс-қимыл құралы ретінде «Бірыңғай денсаулық» тәсілін жүйелі түрде қолдана бастады. Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және ветеринария секторларының стейкхолдерлері мен әрекеттерін қамтитын, микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен (МҚПТ) күрес жөніндегі сектораралық жол картасын әзірледі және бекітті.
COVID-19 пандемиясының басынан бастап Қазақстан Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздіктің шұғыл басымдықтарын және пандемияға дайындықты жоспарлау кезінде «Бірыңғай денсаулық» тәсілін қолдануды атап өтті. 2021 жылы қазан айында ҚР Үкіметі 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын бекітті, оның аясында «Бірыңғай денсаулық» тәсілін қолдауға бағытталған іс-шаралар енгізілді.
Соңғы жылдары Қазақстан ДДҰ-ға қатысушы мемлекеттердің өзін-өзі бағалау бағдарламасына тұрақты қатысады. Жылдық есептерге шолу жасау (SPAR) жақсартуды қажет ететін денсаулық сақтау жүйесінің әртүрлі салаларын анықтады.
Елімізде кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше назар аударады. 2003 жылдан бастап Қазақстанда қолданбалы эпидемиология (FETP) бойынша кадрлар даярлайтын 2 жылдық бағдарлама іске асырылып жатыр, 2020 жылдан бастап 3 айлық, ал 2024 жылдан бастап 9 айлық бағдарлама енгізілді.
Сонымен қатар, 2021 жылы ДДҰ Қазақстанда зертханалардағы жаһандық көшбасшылық бағдарламасын (GLLP) іске қосты, ол зертхана көшбасшыларына ұлттық зертханалық жүйелерді құруда, нығайтуда және қолдауда көмек беру үшін бағытталған салааралық өзара іс-қимыл болып табылады.
Мемлекеттік органдардың өкілдері «Бірыңғай денсаулық (One Health)» тәсілі адамдар, жануарлар және қоршаған орта байланысындағы оңтайлы денсаулыққа қол жеткізу үшін тығыз ведомствоаралық ынтымақтастықты енгізуге мүмкіндік беретінін, қазіргі әлемде туындайтын жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға назар аударатындығын атап өтті.