Вейп өнімін сатқандар темір торға тоғытылады.
Елде электронды темекі түрін саудалауға тыйым салынбақшы. Шектеуді ескермей, халық денсаулығынан, қалтасының қамын биік қоятындар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда, атаулы сауда айналымын тоқтату туралы президент пәрмен берген болатын. Бүгінгі таңда заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Ел бойынша вейп нарығында 6000 сауда орыны тіркелген. Ресми статистика осылай дейді. Ал бейресми сатып жатқандардың нақты саны жоқ. Алайда, енді пайда ойлаған мұндай пысықайлардың жолы түбегейлі кесіледі. Заң күшейтіліп, жаза қатаңдатылғалы жатыр. Енді еліткіш затты сатқандар 50 тәулікке темір торға тоғытылады. Елге әкеліп, таратқандар 2 жыл бас бостандығынан айырылады. Ал аса ірі көлемде сатқандар мен екінші рет қылмыс жасағандар 5 жылға қамалады.
Ернұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Тартпа темекісін, оған тыйым салынды, кіргізуге, таратуға, оны сатуға біз бүгін сондай норманы дайындадық. Бұған дейін бұл мәселе 7 шақырылымда да, 3 жыл көлемінде қызу талқыға түсіп келді. Оларды қазір барахолкада немесе дүкеннен балалар сатып алу мүкіндігіне ие. Сондай-ақ жуырда “Балалар қоры” атты қоғамдық ұйымның кішігірім әлеуметтік зерттеуі бойынша алматылық балалардың 80%-і, астаналық балалардың 83%-і вейп қолданады деген ақпарат шығып жатыр.
Вейп нарығы 3 жылда 300 есеге өскен. 2020 жылы 22 мыңнан аса электронды темекі сатылса, өткен жылы өнім түрінің 6,3 млн данасы саудаланған. Тұтынушылардың дені жасына жетпей желігіп, жасанды шылымға елітіп жүрген жастар. Тіпті мектеп оқушылары да көк төтінмен тыныстап жүр. Баласының вейп буына уланып жүруіне ата-ананың да кінасы бар. Мамандар осылай дейді.
Әсел Пірімбек, психолог:
– Кез келген тәуелділіктің негізінде әке-шешенің баланың эмоционалды қажеттілігін жаппағандары жатыр. Ол қажеттіліктерді жабу үшін ең бірінші оны ата-ана білу керек. Кез келген бала өзін ата-анасы жақсы көрсін, қандай болса да мені қабылдап, маған ұрыспай, маған жәрдем беріп жүрсе екен деп жүреді. Бірақ біздің ата-аналардың өздерінің іщкі күйлерін түсінбей сол үшін бала психикасына зиян келтіруі мүмкін.
10 жасөспірімнің біреуі вейп шегеді. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының дерегі осылай дейді. Мысалы, 11 жасар жасөспірімдердің 3,4 пайызы, 13 жастағылардың 4,8 пайызы, 15 жастағы жастың 9,8 пайызы жасанды шылымның шырмауында жүр. Темекі тұтынатындардың да саны 2 мен 6 пайыз арасында. Бұл деректің күн санап өсіп жатқаны да байқалады. Салдарынан обыр, жүрек-қан тамыры аурулары жасарып жатқан көрінеді. Мамандар, он жасынан өкпесін болдыртқан балалардың көрер қиыншылығы алда дейді. Атаулы өнім ер баланы белсіз, бұрымдыны бедеу қылады екен.
Жанар Қалмақова, қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары:
– Вейптер темекі өніміне жатқандықтар тек ғана өкпе ауруына емес, жүрек қан тымырлары ауруының дамуына алып келеді және онкологиялық аурулар осындай жұқпалы емес аурулардың дамуына соқтырады. Оны ескере отыру керек және дұқпалы емес аурулар қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша және Қазақстан бойынша өлім-жітім бойынша мүгедектік бойынша ең бірінші орында тұр.
Әлемнің қырық елінде вейпті сату заңмен шектелген. Қазақстанда бұл мәселеге заңмен нүкте қоймақшы. Алайда сауда-саттықты тыйғанымызбен, тәуелділік дейтін түйткілді мәселе шығатыны белгі.
Шернияз Жалғасбекұлы
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bylu-manyzdy/item/636177-vejp-sat-andar-t-rmege-zhabylady