4 желтоқсанда Астана қаласында Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесі туралы хабардарлықты арттыру апталығына арналған “Микробқа қарсы препараттарға төзімділікке қарсы тұру үшін бар күшімізді саламыз” атты кеңес өтті. Іс-шараны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырды.
Кеңеске ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері, Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының өкілдері, барлық мүдделі ведомстволар мен құрылымдардың медицина қызметкерлері, “Қазақстан Республикасындағы микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу” Жол картасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Бүгінгі таңда “антибиотиктерге төзімділік” адам денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі үшін ең үлкен қауіптердің бірі болып табылады және кез-келген жастағы және кез-келген елдегі кез-келген адамға әсер етуі ықтимал. Антибиотиктердің тиімділігінің төмендеуіне байланысты жұқпалы ауруларды емдеу қиындай түсуде. Антибиотиктерге төзімділіктің салдары ұзақ ауруханаға жатқызу, медициналық шығындар мен өлім-жітімнің ұлғаюы болып табылады.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) микробқа қарсы төзімділікке қатысты жаһандық қадағалау жүйесі (GLASS) антибиотикке төзімділіктің кең ауқым алғандығын анықтады. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, белгілі бактериялардың 70% бір немесе одан да көп антибиотиктерге төзімділіктерін жетілдірген. Микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігі — бұл мутация нәтижесінде бактериялар геномының өзгеруі және одан кейінгі ең табысты нұсқаларды таңдау болып табылады. Егер ол бактерияның түрлік белгісі ретінде қызмет етсе, төзімділік туа біткен болуы да ықтимал”, – деп түсіндірді “СЭСМҒПО” филиалының Бактериялық инфекцияларды және антибиотикке төзімділікті бақылау жөніндегі референс зертханасының меңгерушісі Аббасова Дина.
Кеңес барысында “Бірыңғай денсаулық”тұжырымдамасына сәйкес микробқа қарсы төзімділікті (МҚТ) эпидемиологиялық қадағалаудың Ұлттық бағдарламасын күшейту және одан әрі іс-шараларды әзірлеу бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Адамдар мен жануарларды емдеу үшін микробқа қарсы препараттарды шамадан тыс және тиісінше пайдаланбау мәселелері қарастырылды, зертханалық әлеуетті күшейту бойынша ұсыныстар, денсаулық сақтау, ветеринария, қоршаған ортаны қорғау секторларында келісілген ден қою шаралары ұсынылды.